01.07.2022 _ 11:00

Шымкентте 101 мектептің құрылысын жүргізу қарастырылған

Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Тапсырмаға сәйкес Шымкент қаласында 101 мектептің құрылысын жүргізу қарастырылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент әкімі Мұрат Айтенов хабарлады.

«2021 жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде, 11 703 орындық 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде  үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, бұл бағытта 44,6 млрд теңге қаралды. Іс-шаралардың ішінде осы жылдан бастап барлық бастауыш сынып оқушылары – 103 мыңнан астам оқушы, көп жылдан бері алғаш рет тегін ыстық тамақпен қамтылды», - деді қала әкімі.


Сонымен қатар қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүргізіп жатыр.