Осы іс-шара қарсаңында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің туризм әкімшіліктері басшыларының кездесуі өтті, оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты. 

Министр бүгінгі таңда Қазақстан елге авиациялық көлікпен кіру бағытында барлық шектеулерді алып тастағанын, оның ішінде визасыз кіруге құқығы бар 74 елдің азаматтары үшін де шектеулер алынып тасталғанын атап өтті. Халықаралық авиамаршруттар жаңартылып тың тыныспен жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Өзбекстанның 5 қаласына қосымша рейстер жаңартылып, ұйымдастырылған.  Вакциналау паспорттарын Қазақстан Республикасы таныған елдердің тізбесі айтарлықтай кеңейтілген. Бұл тізімде Үндістан, Қырғызстан және Өзбекстанды қоса алғанда, 33 мемлекет бар.

Дәурен Абаев ШЫҰ-ның бірыңғай туристік брендін қалыптастыру мәселесіне жеке тоқталды.

«Мысал ретінде осы жылы Жапонияда JATA Tourism Expo Japan 2022 көрмесінде ұйымдастыру жоспарланып отырған Орталық Азия елдерінің бірыңғай стенді тәжірибесін пайдалануға болады. Сонымен қатар, ШЫҰ – ға мүше мемлекеттердің әлеуетін арттыру бағытында Қазақстан жылсайынғы халықаралық туристік көрмелер түріндегі алаңдарын ұсына алады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, Қазақстан табиғатының, ландшафтының және географиялық орналасуының арқасында трансшекаралық туризмнің әртүрлі түрлерін таныстыра алады: Тянь-Шань мен Алтай тауларының таулы аймақтары, сондай-ақ Каспий теңізіндегі круиздік аймақ, сондай-ақ «Ұлы Жібек жолының» тарихи бөлігі.

«ШЫҰ елдерімен бізде барлық қажетті шарттық-құқықтық база бар. Бүгінгі таңда мемлекеттеріміз арасында туризм саласындағы екіжақты қарым-қатынасты реттейтін 11 үкіметаралық келісім мен меморандум жұмыс істейді», - деп атап өтті министр.

Сөзін қорытындылай келе, Дәурен Абаев Қазақстан ШЫҰ-ға мүше елдермен мысалы: «Ұлы Жібек жолы» трансшекаралық туристік бағытын ілгерілету және Каспий теңізі бойынша трансшекаралық теңіз круиздері сынды бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.