Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев шараны аша келіп, жастар жаңғыртудың басты қозғаушысы, ел Президенті тұжырымдамасын ұсынған жаңа Қазақстандағы жаңару көзі болып табылатынын атап өтті. Төраға қаңтардағы оқиғалар қазіргі жастар саясатын түбегейлі қайта қарауды талап еткенін атап өтті.

«Қасіретті қаңтар оқиғасы жағдайы жасалмаған жастардың проблемасы қаншалықты өзекті екенін көрсетіп берді. Сол кезде көшеге шыққан жастардың көбінің сапалы білімі, тұрақты жұмысы және табысы болмағаны белгілі. Осындай жастарымызды әртүрлі деструктивті күштердің қаншалықты оңай пайдаланып кете алатынын да көрдік. Бұл біздер үшін ең маңызды сабақ болды және жалпыұлттық күн тәртібінің негізгі басымдығына айналды», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы шұғыл, жүйелі және кешенді шешімдерді талап ететін бірқатар өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларды атап өтті. Бірінші кезекте, ол сапалы білімге қол жеткізу мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, қалалық және ауылдық мектептердегі білім сапасы арасындағы алшақтық мәселесі жасырын емес. Мұны ҰБТ нәтижелері көрсетіп отыр.

«Пандемия кезінде интернетке қолжетімділік қала мен ауылда біркелкі болған жоқ. Оның салдары алшақтықтың тағы да ұлғаюына әкеліп соқтырды. Ал, сапалы білімнің тең дәрежеде қолжетімді болмауы әлеуметтік теңсіздіктің ең басты себептерінің бірі екені сөзсіз», - деді Палата Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, жастардың тағы бір басты мәселесі – жұмыссыздық болып отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі салыстырмалы түрде төмен, бірақ тәуелсіз ұйымдардың балама зерттеулері басқа мәліметтерді көрсетеді.

«Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы топта респонденттердің шамамен 12%-ы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40%-дан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдау жөнінде нақты әрі пәрменді саясат жоқ екенін мәлімдеді.

«Жастар өз бизнесін ашудан бас тартудың себептерін 32%-дық бастапқы капиталдың жоқтығын және 18%-дық өзіндік бизнесті құру үшін білімнің жетіспейтіндігін айтады. Осыған байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды, оларға қомақты бюджет қаражаты, оның ішінде "Атамекен" ҰКП желісі бойынша да бағытталады», - деді Мәулен Әшімбаев.

Тыңдауларға қатысушылар жастар үшін маңызды мәселелердің бірі тұрғын үймен қамтамасыз ету болып қалатынын атап өтті. Қазіргі уақытта жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы жұмыс істейді. Алайда тұрғын үй мәселесінің өткірлігін ескере отырып, бұл шаралардың барлығы әзірше жеткіліксіз, деп атап өтті Палата Төрағасы. Осы тұрғыда біз жастар саясатының жастардың нақты проблемалары мен қажеттіліктерінен біршама алшақтығын көріп отырмыз, деп қосты Мәулен Әшімбаев.

«Мемлекет жастар саясаты саласында түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда, алайда оған жастардың тартылу деңгейі төмен. Көбінесе ол 10%-дан аспайды. Жастардың республикалық және өңірлік жастар ұйымдарының жұмысына қатысу деңгейі де төмен», - деді Сенат Төрағасы.

Шара барысында жастардың құндылықтар жүйесін қалыптастыру мәселелері де көтерілді. Келтірілген деректер бойынша, қазақстандық жастар негізінен дәстүрлі құндылықтарды ұстанады. Ал кәсіп, өзін-өзі тану, шығармашылық және қоғамдық танылу сияқты жаңғыру құндылықтардың біздің жастар үшін аса маңызы жоқ. Мәулен Әшімбаев осы мысалдарды келтіре отырып, біз үшін отбасы мен достықтың дәстүрлі құндылықтарын сақтау, сондай-ақ жастарға инновациялық экономика қалыптастыру үшін қажетті құндылықтарды сіңіру маңызды екенін атап өтті. Онсыз қоғамда құндылықтардың жаңа жүйесін болжайтын жаңа Қазақстанды құру қиын болады, деп қорытындылады Сенат Төрағасы.

Парламенттік тыңдау барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстар, проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы айтып берді. Сенаторлар, жастар ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері жастар саясатына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

Шара аяқталғаннан кейін бірқатар ұсынымдар әзірленді, олар шешімді қарау және қабылдау үшін Үкіметке жіберілетін болады.