Оның деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қазан айының соңында Қордағы 1970 медициналық ұйымның 454-і қосалқы орындаушыларға 98 млрд теңге қарыз болып қалды. 20 желтоқсанда борышкерлер тізімінде 479 ұйым болды, олардың берешегі 113 млрд теңгеге жетті. Бұл борышкерлердің 90%-дан астамы – мемлекет меншігінде.

«Мұның бәрі шарттар бойынша міндеттемелерді орындау үшін қаражат тапшылығы немесе оның мүлдем болмауы тәуекелдеріне әкеп соғады, яғни пациенттерге сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсету қаупі туындайды. Өткен жылдың желтоқсан айының басында Денсаулық сақтау министрлігі несиелік берешектің нақты себептерін анықтау үшін арнайы жұмыс тобын құрды. Оның құрамына ӘМСҚ, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының, Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы мен Медициналық бақылау комитетінің өкілдері кірді. Ұйымдардың тізімдерін қалыптастыру кезінде үш негізгі критерий ескерілді. Олар: кредиторлық берешектің өсуі, медицина қызметкерлеріне жалақыны уақытылы төлемеу және қосалқы орындаушылар алдындағы міндеттемелерді тиісінше орындамау», – деді Қор өкілі.

Нәтижесінде 24 медициналық ұйым іріктеліп алынды, олардың үлесіне жалпы берешек сомасының 23%-ы тиесілі болды. Оның ішінде 18 стационар (аурухана), 4 емхана және 2 жедел медициналық жәрдем станциясы бар. 2020-2023 жылдар аралығында осы ұйымдар бойынша кредиторлық берешек 8 млрд теңгеден 25 млрд теңгеге дейін өсті.

«Талдау нәтижелері көрсеткендей, кредиторлық берешектің пайда болу себептері медициналық ұйымдар басшыларының тиімсіз басқарушылық шешімдері, ғимараттарда әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу, қажетсіз шығындар, қарыздар болған кезде қызметкерлерге сараланған төлем мен сыйлықақы төлеуді ұлғайту, стендтер дайындауға, журналдарға жазылуға және т.б. қаражат жұмсалды», – деп атап өтті спикер.

Екіншіден, қызметкерлерді ынталандыру мақсатында, оның ішінде өндірістік емес персоналдың да жалақысы жыл сайын көтерілген. Жекелеген қызметкерлерге жоғары лауазымдық жалақы тағайындау деректері тіркелді. Үшіншіден, медициналық ұйымдарда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шығынын дербестендірілген есепке алу тиісті деңгейде орындалмады. Осыған байланысты тым көп тауар алынып, талап етілмеген дәрі-дәрмектерді сатып алу жағдайлары орын алды. 

Сондай-ақ Айдар Нұралиев инфляция деңгейін ескере отырып, тарифті индекстеудің болмауы да кредиторлық берешекке әсер ететін маңызды фактор болып табылатынын айтты.

«Қор қалыптасқан жағдайды реттеу үшін ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, көрсетілген ем-дом деңгейінің ауырлығын ескере отырып, тарифтерді өзектендіру, инфляция деңгейіне сәйкес тарифтерді индекстеу мәселесін пысықтау, бірінші басшыларды қаржылық қызметті жүргізуге және кірістер мен шығынтар балансын тиімді сақтауға үйрету арқылы ұйымның менеджментін жақсарту жөнінде шаралар қабылдау ұсынылады. Бұл ұсыныстарды Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдады. Таяу уақытта тиімсіз менеджменттің барлық фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға хаттар жолданатын болады», – деді А.Нұралиев.

Айта кетерлігі, кредиторлық берешек деңгейін төмендету үшін бірқатар шара қабылданды. Мәселен, республикалық бюджетті, сондай-ақ 10 өңірдің жергілікті бюджеттерін түзету шеңберінде МӘМС және ТМККК активтері есебінен қосымша қаржыландыру көзделген. Нәтижесінде мерзімі өткен кредиторлық берешек көлемі бір жыл жыл ішінде 22,7 млрд теңгеден 8,8 млрд теңгеге дейін төмендеді.