Оның деректеріне сәйкес, жаңа заңнама шеңберінде 2023 жылдың екінші жартысында тұрмыстық жанжалдарға қатысты 50 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 64% бойынша әкімшілік іс қозғалды, тиісінше, әкімшілік қамауға алынған адамдардың саны 2 есеге артты. Ал 27 мыңнан астамы сотта татуласты.

«Сонымен қатар Министрлік зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмысты жандандырды. Былтыр полицияға 100 мыңнан астам өтініш және тұрмыстық жанжалдар туралы хабарламалар келіп түсті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 15 мың фактісін ішкі істер органдары қызметкерлерінің өздері анықтады. Барлық тіркелген факт бойынша кінәлі тұлғалар заңда көзделген жауапкершілікке тартылды. Отбасылық зорлық-зомбылық жасаған әр азамат заңда мұндай әрекет үшін бес тәуліктен бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік көзделгенін білуі керек», – деді ІІМ өкілі.

Былтыр 79 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке, ал 1 мыңға жуық азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін бұрын ішкі істер органдарының көзіне түскен адамдармен зорлық-зомбылық себептерін уақытылы анықтау және жою үшін 130 мыңнан астам профилактикалық әңгіме жүргізілді. Әрбір отбасылық жанжал бойынша тәуекелді бағалау парағы толтырылады. Егер бұл қауіп жоғары болса, жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

«Былтыр тамыз айынан бастап біз 18,5 мыңнан астам сауалнама жүргіздік. 884 жағдайда құқық бұзушылықты қайта жасау қаупі жоғары болды. Біз агрессияны болдырмау үшін құқық бұзушыларды ерікті түрде психокоррекциялық курстардан өтуге шақырамыз. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскелік инспекторлар өткен жылы 87 мыңнан астам қорғаныс ұйғарымын шығарды, ал полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 15 мыңнан астам ерекше талаптар белгіледі. Оның ішінде алкоголь ішімдіктерін пайдалануға тыйым салу талабы да бар. Мұндай азаматтар үшін бізде полицияның күшейтілген бақылауы жүзеге асырылуда», – деп атап өтті спикер.

Соттардың шешімі бойынша қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін барлығы 2,7 мың агрессор және мінез-құлқына қатысты қойылатын ерекше талаптарды орындамағаны үшін 5,9 мың құқық бұзушы қамауға алынды.