Кешенді жоспардың есірткіге қарсы жүйелі жұмыс үшін маңызды бағдарламалық құжат болып табылатындығы Түркістандағы ұлттық құрылтайда, ІІМ-дегі алқаның кеңейтілген отырысында атап өтілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Әмірханов еске салды.

Кешенді жоспардың негізгі мақсаттары:

- қоғам үшін аса қауіпті, әсіресе, синтетикалық препараттардың таралуының жолын кесу, олардың қолжетімділігін төмендету;

- нашақорлықты ерте анықтау жүйесін енгізу;

- есірткі қолданатын адамдардың шынайы және нақты есебін қалыптастыру;

- уәкілетті органның құзыреті мен мәртебесін арттыру;

- материалдық-техникалық жағдайды нығайту.

«Мемлекеттің есірткіге қарсы саясатының өзектілігін атап өтіп, ел Президенті нақты бағыттарды белгілеп, жоспарды іске асыру бойынша міндеттерді алға қойды. Оны ІІМ-нің ведомствоішілік деңгейде сапалы және тиімді іске асыру мақсатында әрбір іс-шараны орындау барысы ішкі бұйрықпен бекітілді. Бұл жұмысты үйлестіруді біз, Министрліктің салалық департаменті жүзеге асырады. Жоспардың әрбір тармағын іске асыру бойынша қадамдық іс-қимыл алгоритмін әзірледік. Жоспар 7 бөлімнен, 77 тармақтан тұрады. Мұндай шешімдер оның орындалу динамикасын апта сайын әр сегментте бақылап, іс-әрекеттерімізді түзету бойынша қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті спикер.

Кешенді жоспарды жүзеге асыруға бірнеше министрлік пен ведомство атсалысады. ІІМ 38 тармақтың орындалуына жауап береді, ал 15 тармақ бойынша бірлесіп орындау жұмысын атқарады. Денсаулық сақтау министрлігі – 16, Мәдениет және ақпарат министрлігі – 5, Оқу-ағарту министрлігі – 9 тармақ, Әділет министрлігі – 4 тармақ бойынша жауапты болып бекітілген. 

Кешенді жоспарға сәйкес халықтың осал топтары – жасөспірімдер мен жастар арасында ведомствоаралық профилактикалық жұмыс ұйымдастырылды. Барлық өңірде есірткіге қарсы профилактикалық іс-шаралар өткізу жоспарлары бекітілді. Бір айда 1800-ден астам осындай іс-шара өткізілді. Денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп 700 іс-шара өткізілді, оның ішінде нарколог-дәрігерлердің қатысуымен 402, еріктілердің қатысуымен 265 акция ұйымдастырылды.