Республикалық «2024-2026 жылдарға арналған волонтерлікті дамыту және қолдау жол картасы» аясында жыл басынан облыста фронт-офис волонтерлерінің қатысуымен ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы аймақтағы волонтерлік қозғалыс қарқынды дамуда, бүгінгі күнге дейін 100-ден астам түрлі форматтағы волонтерлік акция ұйымдастырылып, оған 1547 волонтер қатысты.

Шығыс Қазақстан облысы волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айдос Әділбековтің хабарлауынша, ШҚО-да қыс мезгілінде қардың көп болуына байланысты барлық аудан және қалаларда «Шын жүректен» акциясы өткізіліп, халықтың әлеуметтік осал топтарының ауласын қардан тазарту, коммуналдық мекеме қызметкерлеріне ыстық шәй таратылды.

Шығыс Қазақстан облысының волонтерлері төтенше жағдай қызметінің өкілдерімен бірлесіп су тасқыны қаупі бар аумақтарға мониторинг жүргізу, халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстарына, жеке секторды қардан тазартуға көмектесуде.

Су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған өңір тұрғындарына көмек көрсету мақсатында фронт-офис волонтерлері Қазақстан халқы ассамблеясы және жастар қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинап, Солтүстік Қазақстан облысына жеткізілді. Қазіргі таңда Атырау облысына гуманитарлық көмек жинау жалғасуда. Бұл жұмыстарға фронт-офистерден 300-ге жуық волонтер жұмылдырылды.