Парламент депутаттары су тасқыны жағдайы бар аймақтарды аралап жүр. Сенат депутаты Геннадий Шиповских жергілікті мәслихат депутаттарымен бірге Петропавл қаласының бірқатар нысанын аралап шықты. Олар эвакуациялық пункттерге, гуманитарлық көмек көрсету орталықтарына, ҚХА орталықтарына барды. Халықпен бірнеше кездесу ұйымдастырылды. Депутаттар зардап шеккен тұрғындардың көкейіндегі бірқатар сұраққа жауап берді. Әсіресе, бюрократиялық мәселелер, өтемақы алуға құжат тапсыру, оның мерзімдері жайлы сауалдарға нақты жауаптар берілді. Залал көлемін бағалау мәселесіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Депутат Геннадий Шиповских ОКҚ алаңында өткен брифингте халыққа ҚХА тарапынан көрсетіліп жатқан көмек жайлы айтты.

«Жүректен жүрекке» акциясы аясында 12 мыңға жуық ерікті құтқарушыларға, әскери қызметкерлерге, уәкілетті органдарға халықты эвакуациялауға, түрлі көмек беруге үлесін қосып жатыр. 955 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді. 602 млн теңге қаражат жиналды», – деді спикер.