Жедел штабтың шешімі бойынша Солтүстік Қазақстан облысы Смирнов станциясының және Атбасар қаласының су басқан аудандарында әрі бері өтетін платформалар жасау, адамдар мен техниканы тасымалдауды қамтамасыз ету үшін ҚР Қарулы күштері инженерлік бөлімшелерінің понтондар тобы келді. 

«Ақтөбе облысында Ойыл елді мекенінің ауданында әскери инженерлер паром өткелін жасады. Бұл паром арқылы барлығы 1600-ге жуық адам, 137 бірлік техника және 60 тоннадан астам жүк тасымалданды. Ақтөбе гарнизоны әскери қызметшілерінің біріккен жасағы Құрылыс және Жайсаңбай елді мекендерінде су тасқынының алдын алу бойынша көмек көрсету міндеттерін орындауда. Атырау облысында Махамбет, Жаңаталап, Талқайран және Сарайшық ауылдарының айналасына құм толтырылған қапшықтарды дайындау, оларды қою жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ Жайық және Орал өзендерінің арнасын күшейтуге жеке құрам жұмылдырылды», – деді спикер. 

Жайық өзенінің бөгеттері мен жағалау бойын нығайтуға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жіберілді. 41 мыңнан астам қап құм дайындалып, төселді. Ақтау авиабазасының экипажы барлау соққы беруші ұшқышсыз басқарылатын құрылғысының көмегімен Ақтау-Атырау-Ақтау бағыты бойынша әуе бақылауын және әуе барлауын жүргізуді жалғастыруда.

«Батыс Қазақстан облысында Қарулы күштердің әскери қызметшілері құм салынған қаптарды дайындап, төсеу, су басуы ықтимал жерлерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізді, Жайық өзені арнасының жағалауы тосқауыл бөгеттермен күшейтілді. Осы сынды жұмыстар Бумакөл ауылында және Байтерек ауданының 9 елді мекенінде жүргізілуде. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері Набережная, Подстепное, Байқоңыс, Дарьинское, Рубежное ауылдарында бөгеттер тұрғызуды жалғастыруда. Барлығы 12 мыңнан астам қап құм дайындалып, төселді», – деді ведомствоның ресми өкілі.

Солтүстік Қазақстан облысында әскери қызметшілер Петропавл қаласының «Қызылжар Су» су арнасының аумағында, Бескөл ауылында жұмысын жалғастырып, қала маңындағы айналма жолды нығайту міндеттерін орындады. Автоцистернаның көмегімен елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету ұйымдастырылып жатыр. 

Еліміздің шығысында әскери қызметшілер Марқакөл ауданы Боран ауылы маңындағы жолдың қираған учаскесінде жабдықталған көпір өткелі арқылы адамдар мен көлікті өткізуді жүзеге асырды. 

Су тасқынына қарсы іс-шараларға Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінен барлығы 3 мыңнан астам әскери қызметші, 242 бірлік автомобиль техникасы, 4 армиялық авиация тікұшағы, 3 әскери-көліктік ұшақ, 2 әскер ұшақ жұмылдырылды. Армия авиациясы елді мекендерден 293 адамды эвакуациялады, 15 адам және 11,7 тонна жүк тасымалдады.

Петропавл, Орал, Атырау облыстарына әскери-көліктік авиация ұшақтарымен гуманитарлық көмек жеткізілді. Әскери ұшқыштар барлығы 3 мың адамды, оның ішінде 811 баланы эвакуациялады, су тасқынына қарсы шараларға тартылған қызметтердің 998 өкілін және 165 тоннадан астам жүкті тасымалдады.