«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен бекітілген «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» іске асырылып жатыр. Биыл 24 мыңға жуық мұғалімнің еңбекақысы 25-ға, 17 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы 20%-ға, денсаулық сақтау және спорт салаларында еңбекақы 25%-ға өсті. Жалпы Шымкент қаласында ағымдағы жылдың І тоқсанында орташа жалақы 23% өсіп, 216 867 теңгені құрады. Халықтың табысын арттыра түсу үшін өндіріс орындарын көптеп ашу қажет. Бұл бағытта биыл 16 инвестициялық  жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі – 52,3 млрд теңгені құрап, 1 000 астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын іске қосылды», - деді қала әкімі. 


Оның айтуынша, Орталық Азияда теңдесі жоқ «KazAlPack» ЖШС «Алюминий банкілерінің өндірісі» жобасының құны 23 млрд теңгені құрады, онда 145 жұмыс орны ашылды. Жобалық қуаттылығы - жылына 500 млн дана алюминий банкілерін шығарады. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60%-ын алмастырады. 


Сондай-ақ жоспарланған жобалардың ішінде қала экономикасына маңызды жобалардың бірі ретінде «Standard Steel KZ» ЖШС түсті металл концентраттарын алу зауыты (мыс, қорғасын, цинк, алтын) жобасы бар. Аталған жобаның құны 8,5 млрд теңге. Жоба аясында 250 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл жоба шеңберінде бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы қорғасын қалдықтары тазартылып, қаланың экологиясына оң әсер ететін болады.


Жалпы, қаладағы 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд теңгеге 130 жоба іске асырылып,  8,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.