Азаматтық қорғау қызметтері, волонтерлер және тартылған ұйымдар Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуі сақталуда.Осы орайда өңірде қапшықтарды төсеу, қорғау бөгеттерін салу және су басқан аумақтан су айдау жүргізілуде. Бұл туралы ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ алаңында хабарлады. 

БҚО-да алдын ала эвакуацияланған тұрғындар эвакуациялық пунктер мен туыстарының үйлерінде, сондай-ақ үй жануарлары құтқарылды. Өңірде барлығы 1,2 млн  астам қапшық және 22 мың тонна инертті материал төселді. 

«Атырау облысында бір апта ішінде Жылыой ауданының Құлсары қаласында жылжымалы сорғы станцияларының көмегімен 86 мыңнан астам текше метр су сорылды. Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта үйлерді су басу оқиғасы тіркелген жоқ. Есіл өзені су деңгейінің төмендеуі байқалуда», – деді спикер. 

Осы сағатта 24 496 адам өз үйлеріне оралды. 8 850 адам, оның ішінде 3 840 бала эвакуациялау пунктерінде. 4 608 тұрғын үй мен 2 774 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 11,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 5,3 млн қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді. Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушылармен қатар су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге, тұрғындарға жан-жақты қолдау мен көмек көрсетіп жүрген волонтерлерге алғыс білдіреді.