Инфрақұрылым мәселелеріне тоқталған өңір басшысы өткен жылы облыста жалпы сомасы 24,2 млрд теңгеге 198 км облыстық маңызы бар жол, 190 км кентішілік жол жөнделіп, салынғанын атап өтті. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 91%-ға жетті.

«Биыл 223 шақырым облыстық маңызы бар жолдарды және 247 шақырым кентішілік жолдарды салуға және жөндеуге 73 елді мекенде 33 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жергілікті бюджеттен 15 апатты көпірдің бесеуін жөндеуге 928 млн теңге бөлінді. Қалған көпірлер 2024-2025 жылдары республикалық бюджет қаражаты есебінен жөнделеді», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде облыс орталығын қоса алғанда, екі ірі қаланың тұрғындары, сондай-ақ ауылдардың 90%-ы орталықтандырылған сумен толық қамтамасыз етілген. 2022 жылы екі елді мекенде ауыз судың сапасы жақсарды. 2023 жылы 16 елді мекенде су құбыры құрылыстарын салу және реконструкциялауды аяқтау жоспарлануда. 213 шақырым су құбыры желілері салынады. Жыл соңына дейін тағы екі ауыл орталық сумен жабдықтауға қосылады.

Газдандыру туралы айта келе, әкім Талдықорған қаласын қоса алғанда, 22 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізгенін атап өтті. Облыс құрылғаннан кейін, яғни бір жыл ішінде 12 ауыл газдандырылды. Спикер атап өткендей, жыл соңына дейін тағы 18 елді мекенді газдандыру жоспарлануда. 2025 жылдың соңына дейін Кербұлақ ауданынан облыс орталығына дейінгі аумақта тұратын облыстың 500 мыңнан астам тұрғыны газға қол жеткізеді.

«Қазіргі уақытта «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Бұл облыстың үш ауданында тұратын 120 мыңға жуық адамды газдандыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру мерзімі - 2024-2028 жылдар», – деді облыс әкімі.