2024 жылдың 28 сәуірінде су тасқынына қарсы іс-шараларға  ҚР ҚК-інен қатысқан жеке құрам саны – 2193 адам, қару-жарақ пен әскери техника – 16 бірлік. Жағдайдың тұрақтануы мен су деңгейінің төмендеуіне байланысты Қарулы күштердің жеке құрамы мен әскери техникасының бір бөлігі Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан тұрақты орналасу пунктеріне қайтарылды. Бұл жайлы ҚР ҚМ ресми өкілі Руслан Жангулин ОКҚ алаңында өткен брифингте хабарлады. 

Атырау облысында жергілікті тұрғындарға көмек көрсетілді. Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді. Құлсары кентінде 2 мың метрлік жағалау аумағы тазартылып, «Басшы ата» орталық зиратының, №15 орта білім беру мектебінің және тұрақты су қоры сақталған алаңдардың аумағына дезинфекция жүргізілді. 

«Ақтөбе облысында Ойыл өзені арқылы жергілікті халықты, техника мен жүктерді пароммен жеткізу және тасымалдау жалғасуда. Өткен тәулікте 5 пароморейс орындалып, 17 көлік, 20 адам және 2 тонна жүк тасымалданды. Жайсаңбай ауылында жағалауды нығайту жұмыстары жалғасу үстінде. Ақтөбе қаласында радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесінің мамандары әлеуметтік маңызы бар объектілерге дезинфекциялау жұмыстарын жалғастырып жатыр», – деді спикер.  

Солтүстік Қазақстан облысында әскери қызметшілер Петропавл қаласында, Бескөл кентінде және Смирнов ауылында гуманитарлық көмекті түсіруге қатысты. Әскери паромдармен 2 рейс жасалып, Прибрежный ауылына 326 адам жеткізілді. Ақмола облысында әскери қызметшілер Есіл ауданының Заречный кентіндегі әкімдікті, су сору станциясын, асхана мен наубайхананы электрмен қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындауда.

27 наурыз бен 29 сәуір аралығында су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы күштердің жеке құрамынан 6 153 адам, 255 бірлік техника, армиялық авиацияның 12 тікұшағы мен 5 әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылды. Ұшу уақыты 576 сағат 7 минутты құрайтын 591 ұшу жасалды. 3 475 адам эвакуацияланып, 1 770 адам және 233 мың келіден астам жүк тасымалданды. Осы кезеңде барлығы 2,1 млн астам құм салынған қапшық дайындалып төселді. Жалпы ауданы 435,47 га болатын 40 нысанға дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді.