Атырау облысында Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жалғастырылуда. Су тасқыны жағдайының мониторингі дронның көмегімен жүзеге асырылады. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін 29 сәуірде таңертеңнен бері Атырау қаласында, Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында 18 мың қап төселіп, 70 тонна инертті материал салынды. Құлсары қаласында  су басқан аумақтан жылжымалы сорғы станциясы мен мотопомпа көмегімен 105 мыңнан астам текше метр су сорылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Республика бойынша 7 048 жеке тұрғын үй мен 2 834 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды, 38 859 адам өз үйлеріне оралды. 6 707 адам эвакуациялау пунктерінде. Эвакуациалық пунктерде Төтенше жағдайлар департаменттерінің, ТЖМ Апатар медицинасы орталығының психологтары мен медициналық қызметкерлері азаматтармен жұмыс жүргізуде.

«Азаматтық қорғау қызметтерімен, волонтерлермен және тартылған ұйымдармен Атырау, Ақтөбе, Батыс  Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасуда. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 19 мыңнан астам  адам, 2 694 техника, 327 су сору құралы және 231 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды», – деді спикер.