Жайық өзеніндегі су деңгейі түсіп келе жатыр. Көрсеткіш 8 м 36 см-ді құрайды. Яғни су қауіпті деңгейінен 14 см-ге түсті. Облыста соңғы тәулікте 12 адам эвакуацияланды. Су тасқыны кезеңінде жалпы облыс бойынша 14 019 адам эвакуацияланды. Оның 5 793-і - балалар. 12 эвакуациялық пункте 2 428 адам, оның ішінде 1038 бала орналасқан. БҚО ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді.

«Облыс бойынша жол-көлік қатынасынсыз 2 елді мекен қалып отыр. 15 жол шаю оқиғасы қатаң бақылауда. Ағымдағы жылдың 5-сәуірінен бері облыстық штабқа 1,3 млн тоннадан астам гуманитарлық көмек келіп жетті. 1,104 млн тоннадан астам еріген қар суы сорылды, 1 301 481 млн дана қапшық төселді, 26 638 тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 1596 адам, 477 бірлік техника, 97 су сору құралы, 151 жүзу құралы және 1 әуе кемесі жұмылдырылған. Қауырт желіге осы уақытқа дейін 756 хабар түсіп, оның 13-і психолог көмегі негізінде болатын болса, 143-і ақпараттық негізде болып есептеледі. Жалпы, облыс бойынша жағдай тұрақталып келеді және қатаң бақылауда»,- деді спикер.