Білікті су саласының мамандарын даярлау және оларды одан әрі жұмысқа орналастыру үшін министрлік 9 Жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Енді оқу орындарының студенттері «Қазсушар» филиалдарында өндірістік тәжірибеден өте алады. Қазсушар елеміздің су қоймаларының жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ брифингінде мәлім етті. 

Сондай-ақ ол «Қазсушар» мекемесінің ел өңірлерінде атқарып жатқан шаралар жайына тоқталды. 

«Батыс Қазақстан филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу іс-шараларын атқарып жатыр. Аймақта су тасқынының екінші кезеңі жалғасуда. Облыстың төрт ірі су қоймасы 90%-ға толды. Орал қаласындағы Жайық өзенінің деңгейі - 838 см. Ол бір тәулікте 8 см-ге төмендеді. Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы. Аймақта су тасқынының белсенді кезеңі өтті», – деді спикер. 

Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы. Есіл өзенінде су тасқынының екінші кезеңі жалғасуда. Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 83%. Су тасқыны жалғасуда. Абай облысында Шүлбі су қоймасы 40%-ға толды. Аймақта су тасқыны жалғасуда. Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 99%-ға толы. Олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істейді. Су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%.

«Су қоймаларының толуы туралы бұл көрсеткіштер тасқын суды өткізу процесінің бір бөлігі. Өзендерде су деңгейінің артуын және елді мекендерді су басуын болдырмау үшін су қоймаларда жиналып, қауіпсіз көлемде өзендерге немесе каналдарға ағызылады. Сондықтан, мысалы, су қоймалары 100% толы деп айтқанда, бұл су қоймасы енді су қабылдай алмайды және су басу қаупі бар дегенді білдірмейді. Су қоймаларында жиналған су кейіннен ауыл шаруашылығында және өнеркәсіпте пайдаланылады», - деп түсіндірді Мөлдір Әбдуалиева.

Су қоймаларында «Қазсушар» мамандарының тәулік бойы кезекшілігі және су шаруашылығы жағдайының мониторингі жалғасуда.