«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында бүгінгі күні жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық желідегі автожолдардың үлесі 87%-ға, жергілікті желі 68%-ға дейін жеткізілді.

«2025 жылға қарай республикалық желідегі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 95 %-ға, жергілікті желіні 85%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биыл Республикалық маңызы бар 4467 км автожол қайта жаңарту, жөндеу және оны салу жұмыстарымен қамтылды, оның ішінде 2019 жылы 533 км жолды пайдалануға беру жоспарлануда», - деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Арман Жүсіпов.

Сонымен қатар, биыл 1190 км жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Оның ішінде 480 км ресайклинг технологиясы бойынша, 250 км жолдың кедір-бұдырлы бедерін өңдеу, 48 км микросюрфейсинг технологиясы бойынша, 412 км жол цемент бетон жабындыны жаңарту және жасарту жұмыстары жүргізіледі.

Арман Жүсіпов атап өткендей, 2019 жылы күтіп-ұстау жұмыстарымен 22 мың шақырымнан астам автожол желісі қамтылды. Барлығы күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 54,4 млрд. теңге және ағымдағы жөндеу жұмыстары мен күтіп ұстауға 26,1 млрд. теңге бөлінді.