Биылғы жылы астана күнін мерекелеу аясындағы іс-шаралар қала ішіндегі саябақтарда, алаңдар мен Есіл өзененінің жағалауында өтеді.Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов Орталық коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.

Айта кетсек, биылғы Елорданың 21 туған күнін мерекелеу аясында 100-ге жуық іс-шара өткізіледі. Оның 73-і ақысыз түрде өтеді.

«Елорда күнін мерекелеу аясында жыл сайын 300-ден астам іс-шара өткізілді, бірақ биылғы жылы шығыстарды оңтайландыру мақсатында мерекелік іс-шараларға арналған бюджет 3 есе қысқартылды», - деді Ерлан Каналимов.

Қысқартылған іс-шаралардың ішінде Қазақстан мен Ресейдің жұлдыздарының қатысуымен өтетін OPEN AIR, 6 шілдеде өтетін елорданың бас алаңдарындағы, ашық аспан астындағы гала-концерттер жатады

«Биылғы жылы іс-шаралардың басты алаңы қала шетіндегі 8 саябақ, парктер, алаңдар, бульварлар және Есіл өзенінің жағалауы болады», - деп атап өтті.