ҰБТ-ның алғашқы күнгі нәтижелері бойынша 76,5 % түлек шекті баллды жинады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінде 13068 бала өтініш беріп, 12772-сі тестілеуге қатысты», - деп мәлімедеді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Адлет ТОЙБАЕВ.

Ағымдағы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында 169 ҰБТ өткізу пунктерінде өткізіледі.

ҰБТ-ға өтініш қабылдау 1 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілген болатын. ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіргендердің жалпы саны – 117 242, оның ішінде ағымдағы жылғы мектеп бітірушілері 96 380-ді құрайды.

«73 387 түлек тестілеуді қазақ тілінде, 22 825-і орыс тілінде, 168-і ағылшын тілінде тапсыратын болады», - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.

Өз сөзінде бірінші күнгі нәтиже бойынша максималды балл 137 балл болғандығын айтып өтті.

Сонымен қатар, тестілеу өткізу кезінде бірыңғай талаптардың сақталуы мен тестіленушілер тарапынан туындауы мүмкін мәселелерді шешу мақсатында ҰБТ өткізу пунктерінде апелляциялық комиссиялар жұмыс істейтін болады. Апелляцияға өтініштер ҰБТ нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданады және оны апелляциялық комиссия бір күнтізбелік күн ішінде қарастырады.

Ал ҰБТ нәтижелері тестілеу өткізілген күні Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және edu.mail.kz сайтында қолжетімді болады.

Айта кетсек, биылғы жылы ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді. Пәндердің саны - 5 және тест тапсырмалары – 120, максималды балл – 140.

Биылғы жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет – қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізілетіндігін естеріңізге сала кетейік. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін тестілеуді тапсыру арқылы оқуға түсуші ЖОО-ның тек ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік алады. ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсуі үшін талапкерге жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның кез-келгеніне қатысып, шекті балл жинауы жеткілікті. Ал, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет. Тестіленушілер қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысқаннан кейін маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысу және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін байқауға қатысу мүмкіндігінен айырылмайды.