ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев стратегиялық арсеналдың неліктен елді мекенге жақын орналасқандығын айтты.

«Қазір біз болған жағдайға жауапкершілікті біреулерге аудара салғымыз келмейді. Сонымен бірге біз қазіргі жағдайды шынайы түрде бағалауымыз керек. Біз арсенал объектісінің тұрғын үй кешеніне жақындығы туралы емес, тұрғын үй кешенінің 1930 жылдан бері тұрған арсеналға жақындығы туралы айтуымыз керек», - деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ол бұл арсеналдың бұрындары Кеңес Одағының шекарасына жақын жерде орналастырылып, нақты стратегиялық тапсырмаларды орындағанын атап өтті.

«Бірақ ол кездері Арыс кенті кішігірім ауыл болды, ол кезде арсенал ешқандай қауіп төндірген жоқ. Уақыт өте келе тұрғын алабы үлкейіп, осы стратегиялық объектке жақындай түсті. Біз бұл туралы бірнеше рет еске салып, тиісті ұсыныс жасадық, бірақ олардың барлығы белгілі бір әлеуметтік проблемаларға байланысты болды. Яғни, адамдарды қауіпсіз, қашық жерлерге орналастыру белгілі бір қиындықтарға, соның ішінде қаржылық және экономикалық мәселелерге әкелді. Бұл мәселені комиссия қарайды, кінәлілер тиісті түрде жазаланатын болады», - деді Т. Дәндібаев.