Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, қазір университетте жалпы құны 8,1 миллиард теңге болатын 400 ғылыми жоба іске асырылып жатыр.
Президенттің мамыр айындағы ҚХР-ға ресми сапары аясында ҚазҰУ-да Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол қойылған болатын. 12 қазанда университет базасында аталған оқу орнының филиалы ашылды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына 2024-2026 жылдары ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі жүзеге асырылатыны жөнінде мәлімет берілді. Жаңа қалашықта 8 оқу корпусы, технопарк және 12 жатақхана бой көтермек. Жуық арада 3180 орындық 3 жатақхананың құрылысы басталады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын жақсарту, еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру және университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді.