Президент өз сөзін Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц пен осы елдің ірі бизнес өкілдеріне аталған форумға қатысқаны үшін ризашылық білдірумен бастады. Мемлекет басшысының айтуынша, Канцлердің ресми сапары қазақ-герман қатынастарында маңызды кезең басталғанын білдіреді әрі өзара ықпалдастықты тереңдету үшін мол мүмкіндікке жол ашады.
– Елдеріміз арасындағы тығыз дипломатиялық қарым-қатынастар кең ауқымды экономикалық байланыстардың дамуына ықпал ететін негізгі фактор саналады. Германия дүние жүзіндегі ірі әрі ең дамыған экономикалардың бірі ретінде өндіріс, технология, жасыл экономика және инновация салаларында әлемдік стандарттарды айқындайды. Неміс өнімі өзінің ерекше сапасымен және сенімділігімен баршаға мәлім, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, былтыр екіжақты тауар айналымы 41 пайызға ұлғайып, 3,9 миллиард долларды құрады. Германиядан келетін тікелей инвестиция да едәуір артқан. Оның мөлшері 64 пайызға өсіп, 770 миллион долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
– Біз жалпы құны 55 миллиард доллар болатын 66 бірлескен инвестициялық жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Германия кәсіпорындары елімізге көбірек келіп, «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» деген ортақ бренд аясында жергілікті өндірісті жолға қояды деп үміттенеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан білім мен инновацияға негізделген жаңа экономикалық парадигманы ілгерілетіп жатқанына назар аударды. Осы мақсатқа жету үшін Қазақстан түбегейлі экономикалық және әлеуметтік реформалар жүргізіп жатыр. Экономиканы либерализациялауды көздейтін мұндай шаралар, ең алдымен, әділ бәсекелестікті және кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Экономикалық өсімге қол жеткізу үшін Қазақстан жаңа инвестициялық циклді бастады. Оның аясында 2029 жылға дейін шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытына тоқталды.
– «Аса маңызды шикізатты инвестиция мен технологияға айырбастау» прагматикалық формуласына сай табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу ісін дамытуды ұсынамыз. Біздің минералды-шикізат қорымызда әлі барланбаған бес мыңнан астам кен орны бар. Бұл кеніштердің құны триллиондаған долларға бағаланады. Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін материалдың 19 түрін өндіреміз. Осыған орай Минералдық ресурстар жөніндегі неміс агенттігі (DERA) мен қазақ серіктестері маңызды шикізат саудасы бойынша консорциум құрып жатыр. Біз бұл бастаманың таяу арада нақты іске асуын асыға күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстанда литий элементін қайта өңдейтін зауыт салу үшін барлау жұмыстарын жүргізу туралы жоспарын құптаймыз. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі – 500 миллион доллар. Еліміздің бай ресурс қоры өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды кеңейте түсуге мол мүмкіндік береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы тағы бір перспективті бағыт ретінде энергетика саласына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан барланған мұнай қорының көлемі жағынан Еуразия құрлығында екінші орында және әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізуші ірі елдердің санатына кіреді. Қазақстан мұнайының 70 пайызы Еуропа Одағына жөнелтілетінін ескерсек, еліміз экспорт мүмкіндіктерін ұлғайтуға, осылайша жаһандағы энергия ресурстары тапшылығының азаюына ықпал етуге дайын.
– Германияның мұнай-газ жабдықтары және қосалқы бөлшектері өндірісін елімізде локализациялау – негізгі басымдық. Бір сөзбен айтқанда, неміс өндірісінің Қазақстанға келгенін қалаймыз. Бұл отандық өнеркәсіп саласына озық технологиялардың енгізілуіне септігін тигізер еді. Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері секторындағы әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді. Көптеген әлемдік ірі «ойыншылар» бұған көз тігіп отыр. Мысалы, немістің Svevind group компаниясы Қазақстанға 50 миллиард доллар инвестиция салып жатыр. Бұл жобаның мақсаты – «жасыл» сутегін өндіріп, оны Еуропа нарығына сату, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуразияның төрінде стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, ол еліміздің өңірдегі ең басты сауда және логистика орталығына айналуына мол мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы «Орта дәліз» қазіргі кезде Еуропа бағытындағы ең қысқа әрі сенімді бағдар саналатынына назар аударды. Аталған күрежол арқылы жылына 10 миллион тоннаға дейін жүк жеткізуге болады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-саттықты одан әрі жандандыра түсу үшін «Орта дәлізді» Трансеуропа көлік желісімен және Еуропа Одағының «Жаһан қақпасы» бастамасымен ұштастыруды ұсынды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Германиямен фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің келешегі зор деп санайды. Еліміз дәрі-дәрмек пен медицина жабдықтары өндірісін белсенді түрде дамытып келеді. 2025 жылға қарай ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Президент Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға да мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп жатқанын айтты. Әлемдегі ірі бидай экспорттаушылардың бірі ретінде еліміз агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға, салаға жоғары технологиялар мен агротехнологиялық инновацияларды енгізуге мүдделі.
– Қазақстан Еуразиядағы жетекші ақпараттық технологиялар орталығына айналуды көздейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанды цифрлық технологияларды енгізу жағынан үздік 30 елдің қатарына қосты. Біз ғылыми-зерттеу жобалары, стартаптар, техникалық білім беру және тренингтер ұйымдастыру, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы жаңа IT-жобаларды жүзеге асыру арқылы ынтымақтастықты барынша кеңейтуге ұмтыламыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы герман компанияларына жаңа серіктестік құру мүмкіндіктерін іздеуге көмектесе алатынын айтты.
– Қазір АХҚО инвестициялар, инновациялар және қаржы қызметтері тоғысқан бірегей өңірлік орталыққа айналды. Франкфурт, Лондон, Дубай, Нью-Йорк және Сингапурдағы жетекші халықаралық қаржы орталықтарының барлық артықшылығын мұнда да пайдалануға болады. Біздің Орталық инвестиция тарту үшін салық, виза және еңбек саясаты жағынан бұрын-соңды болмаған қолайлы шарттар мен жеңілдіктер ұсынады. Әр инвесторға жеке қолдау көрсетіледі. Британия заңнамасына негізделген әділ сот жүйесі жұмыс істеп тұр. «Астана» халықаралық қаржы орталығында 80 елден үш мыңға жуық компания тіркелген. Соның 20 компаниясы – германиялық. Олардың саны жуық арада тағы да өседі деп үміттенеміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бүгінгі кездесу айтарлықтай нәтиже беріп, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдету үшін маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Канцлері Олаф Шольц қатысқан бизнес форум аясында төмендегідей қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті:
1.Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Германия экономикасы Шығыс комитеті арасындағы Техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Германия бастамаларының Жол картасы;
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Svevind Energy компаниясы арасындағы «Жасыл сутегі» жобасына байланысты зерттеу жүргізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
3. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Siemens» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы өзара түсіністік туралы стратегиялық меморандум;
4. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «Siemens Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім;
5. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен «SKYHANSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы Халықаралық жүк және жолаушылар әуежайының құрылысы бойынша жобаны бірлесіп іске асыру жөніндегі негізгі келісім;
6. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «HORSCH Maschinen GmbH» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
7. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «KfW Bankengruppe» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
8. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «CLAAS Global Sales GmbH» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
9. «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК және ГФР Геоғылымдар мен табиғи ресурстардың федералдық институты (BGR) арасындағы ниет туралы меморандум;
10.«Қазақстан даму банкі» АҚ мен Deutsche Bank арасындағы мандаттық хат;
11. «Qazaq Kalium Ltd.» АҚ және KfW Bankengruppe, Euler Hermes Group арасындағы «Батыс Қазақстан облысындағы «Сәтімола» кен орны базасындағы калий тұздары мен бор қышқылын өндіретін байыту-өндірістік кешенін салу» жобасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум;
12. «Агромашхолдинг» АҚ және Amazonen-werke h. Dreyer Se & Co.Kg. арасындағы Қостанай облысында «Condor» сепкіштерін бірлесіп өндіру бойынша жобаны іске асыру жөніндегі келісім.
Сондай-ақ Германия Федеративтік Республикасы делегациясының сапары шеңберінде екі елдің түрлі орталық және жергілікті мемлекеттік органдары, бизнес құрылымдары арасында 23 құжатқа қол қойылды.