04.04.2022 _ 17:55

ҚР ҚМ: Қазақстан Қарулы күштерінде бақылау тексеруі басталды

Әскерлерді тексеру қысқы оқу кезеңі аяқталғанша жүргізіледі. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскердің жауынгерлік дайындығын түбегейлі арттыру жөніндегі міндеттерін іске асыру шеңберінде бұл шара жаңа пішінде өтуде.
ҚР ҚМ: Қазақстан Қарулы күштерінде бақылау тексеруі басталды

Бас штабтың жоспарына сәйкес, құрамалар мен әскери бөлімдер оқу дабылымен көтерілді.

Бөлімшелер практикалық оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайтын полигондарға темір жол көлігімен, жауынгерлік техникамен жетуді жүзеге асырады.

Полигондарда тактикалық, оның ішінде түнгі жағдайда да оқу-жаттығулар мен атыстар өтетін болады. Бұдан өзге, бөлімдердің белгіленген мерзімде жүктелген тапсырмаларды орындау үйлесімділігі мен қабілеті, әскери қызметшілердің оқытылуы, сондай-ақ командирлердің бағынысты және сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқара білуі бағаланатын болады.

Қарулы күштердің барлық құрамалары мен бөлімдері, сондай-ақ әскери басқару органдары тексеріледі.