Үкімет басшысы алдымен органикалық және минералды тыңайтқыштарды пайдалана отырып, астық өндірудің жаңа технологияларына көшкен «Namys Group» ЖШС шаруа қожалығына барды.
«Ең бірінші міндет – бөлінген қаражаттың әрбір фермерге дейін жетуін қадағалап, көктемгі егіс жұмыстары кезінде туындайтын проблемаларды дереу шешіп отыру», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр облыстағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді, олардың ішінде «Агрофирма TНK» ЖШС, «Родина» агрофирмасы» ЖШС, «Приишимье» ЖШС, «Заречное» ЖШС, «Еңбек» ЖШС, «Сандықтау» ЖШС және т. б. бар.
Премьер-Министр шаруалар көтерген мәселелерді мұқият тыңдап, уәкілетті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын пысықтауды тапсырды.
Әлихан Смайылов жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану еңбек өнімділігін арттыруда маңызды элемент екенін еске салды.
Бұл мақсатта Үкімет машина-трактор паркін инвестициялық субсидиялау, несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы жаңартып жатыр. Сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржы институттары арқылы жеңілдікпен несие беру (6-7% жылдық мөлшерлеме) бағдарламасы іске асырылуда.
«Аталған шаралардың арқасында ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі қарқын алып келеді. Мұндағы маңызды мәселе өндірісті локализациялау болып отыр», — деді Әлихан Смайылов.
Бұдан кейін Премьер-Министр ет, шұжық өнімдері, консервілер мен жартылай фабрикаттар өндіретін «Бижан» ет өңдеу кешеніне барды.
Әлихан Смайылов мемлекеттің кешенді қолдау шараларын іске асыра отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Импортты азайтып, ішкі сұранысты толығымен жабу үшін отандық өнімдердің өндірісін ұлғайтуымыз керек. Әкімдік фермерлермен жұмыс жүргізіп, субсидиялау кезінде қарсы міндеттемелер қойып, ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз етуге жағдай жасауы керек», — деді Әлихан Смайылов.