Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов БАӘ Орталық банкінің төрағасы Халед Мұхаммед Салем Балама бастаған Біріккен Араб Әмірліктері делегациясымен кездесті.
Қатысушылар инвестиция тарту, екі елдің іскер топтарының байланыстарын нығайту және банк саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Әлихан Смайылов таяудағы БАӘ-ге ресми сапарының қорытындысы бойынша екі ел арасында көптеген ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылғанын, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыру бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілгенін еске салды.
«Біз өзара іс-қимылға үлкен маңыз береміз және екіжақты қарым-қатынастар деңгейін арттыруға ниеттіміз», — деді Премьер-Министр.
«Бүгін инвестициялық ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктер ашылып жатыр. Мен Қазақстан Үкіметіне осы бағытта көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысымды білдіргім келеді», — деді БАӘ Орталық банкінің басшысы.