29.01.2023 _ 12:20

Шетелдік автомобильдерді заңдастыру: қазақстандықтар кез келген ХҚКО-да көлік деректерін тексеруге өтініш бере алады

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Telegram-арнасында жазды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Цифрлық даму министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, азаматтарға қызмет көрсету үдерісін жолға қоюда. Астананың №1 Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Көліктерін заңдастыру үшін келген азаматтармен және орталық мамандарымен сөйлесіп, қандай мәселелер бар екенін сұрастырдым. Көлікті заңдастыру процесінде көлік басқа елде де тіркеуде тұрмауы шарт. Көптеген азаматтар осы проблемаға тап болады екен. Заңдастыру барысында ең алдымен көлік деректерін тексеруге eGov порталы арқылы өтініш беру керек. Компьютерге қол жетімділігі жоқ автокөлік иелері елдің кез келген ХҚКО-да өзіне-өзі қызмет көрсету секторында өтінім бере алады. Автокөліктің тіркеу деректері қатесіз толтырылуы тиіс. Мақұлданған жағдайда автокөлікті тексеру үшін МХҚО-ға онлайн кезекке тұру қажет. Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында көлікті заңдастыру процесінің қалай жүргізіліп жатқанын көріп, автокөлікті тексеру пунктін аралап қайттым», - Бағдад Мусин түсіндірді.