05.04.2023 _ 10:01

Кешбэк ішкі туризмнің тартымдылығын арттыру құралы ретінде

Қазақстанда ел ішінде саяхаттайтын азаматтар үшін туристік кешбэк енгізу жоспарланып отыр. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің телеграм-каналаның хабарлауынша, 2022 жылғы көрсеткіштердің қорытындысына сай ішкі туристердің саны 8,6 млн адамға жетті.

«Бізге шетелдік қонақтарды тартумен қатар ішкі туризм көрсеткіштері де маңызды. Мысалы, елімізде бір жылдан астам уақыт бойы Kids go Free бағдарламасы жұмыс істейді, соның арқасында балаларға Қазақстан бойынша тегін ұшақ билеттері ұсынылады. Сондай-ақ ел ішінде саяхаттайтын азаматтар үшін туристік кэшбек енгізу жоспарланып отыр. Біз қазірдің өзінде бар дестинациялар мен ішкі туризмге деген қызығушылықты арттыру бағытында жұмысты жалғастырамыз», — деді мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Осыған дейін елімізде туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірнеше құралы іске қосылған болатын. Олардың ішінде - туристік нысандарды салуға және қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалған бизнестің шығындарын ішінара өтеу. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асқан 7 заңнамалық норманың арқасында мүмкін болып отыр.

Туристік объектілерді салу және реконструкциялау үшін кәсіпкерлік субъектісіне оның шығындарының 10% өтеледі. Бизнесменге жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын (қонақ үйлер, жанар-жағармай құю бекеттері, сауда және тамақтану пункттері және т.б.) салғаны үшін де осы мөлшерде өтемақы қарастырылған. Сонымен қатар, 8 және одан да көп орындық туристік автобустар сатып алғаны үшін 25% мөлшерде өтемақы енгізілді. Осы мөлшерде тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықты сатып алу шығындары да қайтарылады. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау (айына 83 000 теңге) субсидияланады.