18.04.2023 _ 11:57

Экология министрі Қостанай облысының жұртшылығымен кездесті

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Қостанай облысына жұмыс сапары барысында жергілікті жұртшылықпен кездесу өткізді.

Ведомствоның хабарлауынша, жалпы, Қостанай қаласының экомониторинг нәтижелері бойынша атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейімен сипатталады. Облыста ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 2022 жылы 83,3 мың тоннаны құрады, бұл алдыңғы кезеңнен 10%-ға төмен. Бұл көрсеткішке табиғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді.

Қостанай облысының экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Кешенді жол картасында 29 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде 10-ы орындалды.

2022 жылдың кезеңінде Қамысты ауданы Алтынсарин ауылында газ тарту желілерінің құрылысы, Тобыл өзенінің арнасын тазарту, қалдық қоймасы бөгетінің беткейлерін техникалық рекультивациялау жұмыстары аяқталды.

Бірқатар іс-шаралар орындалуда, олар бойынша іске асыру мерзімі 2023-2025 жылдар.

Қалдықтарды басқару саласында негізгі проблемалар қалдықтарды басқарудың нашар дамыған инфрақұрылымы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген полигондардың көп болуы және кәріз-тазарту құрылыстарының қатты тозуы немесе олардың болмауы болып табылады.

Мәселен, Қостанай облысында 2022 жылдың қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 18,2% құрады, бұл 2021 жылдың деңгейінен 0,5%-ға (17,7%) жоғары, бірақ орташа республикалық деңгейден (24%) төмен.

Космомониторинг аясында биыл өңірде 358 полигон анықталды, оның тек 94% (336 полигон) жойылды.

Тағы бір маңызды мәселе ол – тазарту қондырғыларының жағдайы. Бүгінде Лисаков, Рудный, Жітіқара, Арқалық қалаларында кәріз-тазарту құрылыстары тозған және күрделі жөндеуді немесе толық ауыстыруды талап етеді. Ал Қостанай қаласы, еліміздегі биологиялық тазарту станциясы жоқ жалғыз облыс орталығы.

Анықтама: Қостанай облысы әкімдігінің «Қостанай-Су» МКК кәріз тазарту құрылыстары кезектесіп жұмыс істейтін бөгеттермен қоршалған үш параллель картадан тұратын жер тұндырғыштары түрінде ұсынылған. Пайдалану мерзімі 1966 жылдан басталады.

Орман шаруашылығы саласында Президенттің бастамасы бойынша 2 млрд ағаш отырғызу бойынша 2022 жылы Қостанай облысында 2 724,4 га алаңға 16,4 млн ағаш отырғызылды. Ағымдағы жылы жоспар 7 023,5 га алаңға 40,4 млн ағашты құрайды.

2,0 млрд ағашқа цифрлық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында интерактивті карта және OrmanMap қосымшасы құрылды.