25.04.2023 _ 12:40

Қазақстандықтарға кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернет қолжетімді болады

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ұлттық жобаның негізгі мақсаты азаматтар мен бизнесті кемінде 100 Мбит/с деңгейінде жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету екенін баяндады. Осылайша, 60 мың шақырым кабельдік телекоммуникация инфрақұрылымын салу арқылы 3 мыңнан астам ауылды интернетпен қамту жоспарланып отыр. Шалғайдағы шағын ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану көзделіп отыр. 

Сонымен қатар 17 000 шақырым республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Ол үшін 480-ден астам тиісті антенна-діңгекті құрылыстарды орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен кейбір облыс орталықтарында 5G ұялы байланыстың жаңа буыны енгізіледі. 2027 жылға қарай әрбір республикалық маңызы бар қала мен астананы қамту 75%-ды, ал облыс орталықтарын қамту 60%-ды құрайды деп күтілуде. 

Ұлттық жоба аясындағы жекелеген бағыт – мектептердің интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта 3 063 мектепте Интернет жылдамдығы артты, ал 2023 жылдың қыркүйегіне дейін тағы 1 402 мектепте дәл осындай жұмыс жүргізілетін болады. Интернет жылдамдығын арттырудың техникалық мүмкіндіктері жоқ 2 003 мектепке дейін талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) жеткізілетін болады. 

Ұлттық жобаның тағы бір мақсаты – Қазақстанды аймақтық цифрлық хаб ретінде қалыптастыру. Ол үшін Каспий теңізінің қайраңымен ұзындығы 380-400 шақырым болатын ТОБЖ тарту қажет. Бұл ретте, транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier-III деңгейінен төмен емес деректер орталығын құру қажет. Осылайша, жоғарыда аталған жобаларды іске асыру деректердің халықаралық транзитінің баламалы бағытын және ел нарығына кемінде 3 BigTech компаниясын (Google, Amazon,Microsoft) тартуды қамтамасыз етеді. 

Отырыста «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев пен «Кар-Тел» («Билайн») ЖШС бас директоры Евгений Настрадин де баяндама жасады. Премьер-Министр ұлттық жоба қалалар мен ауылдардағы интернеттің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты көптеген мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті. 

«Өкінішке орай, бұл салада жүйелі жұмыстарды көре алмай отырмыз. Биылғы жылдың басынан бері Үкіметке байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініштер мен шағымдар келіп түсті. Олардың басым бөлігі интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты. Сонымен қатар елді-мекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ немесе сапасы нашар. Мұндай шағымдар, әсіресе Алматы мен Астанада көп», — деді Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша, мобильді интернетке қызмет көрсету байланыс операторларының міндеттемелеріне неге кірмейтіні мүлдем түсініксіз. Интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшейтін құралдар жоқ.

«Бұл проблемаларды шешу керек. Қазіргі таңда адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Олар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан, сапалы қызметті талап етуі орынды», — деп атап өтті Премьер-Министр. 

Ол соңғы 3 жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияларды шамамен 60%-ға дейін төмендетіп жібергенін атап өтті. Операторларға қымбат инфрақұрылымға қаржы салғаннан гөрі, анықталған заң бұзушылықтар үшін айыппұл төлей салған тиімді. 

«Мұндай жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Ұсынылып отырған ұлттық жоба дәл осы мәселелерді шешуге бағытталған. Оның негізгі мақсаты – халық пен кәсіпкерлік субъектілерін ең кемі секундына 100 Мбит болатын Интернетпен қамтамасыз ету. Талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 3 мыңға жуық ауыл қамтылуы тиіс. Ал, 2027-ші жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75%-ы және облыс орталықтарының 60%-ы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі», — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ, деректерді беру деңгейі секундына 4-6 терабитке дейін болатын желілердің транзиттік мүмкіндіктерін ұлғайтуға басымдық беру қажет. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан қуатты деректер орталықтары мен трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдары бар Цифрлық хабқа айналуы тиіс. Ұлттық жобаның осы мақсаттарына бюджеттен 5 жыл ішінде шамамен 560 млрд теңге бөлу жоспарлануда», — деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысы байланыс операторлары міндеттемелерінің сақталуын ескере отырып, барлық жерде байланыс сапасы мен Интернет жылдамдығының мониторингін күшейту, сондай-ақ қысқа мерзімде Ұлттық жобаны пысықтап, оны Президент Әкімшілігіне бекітуге ұсыну қажеттігін атап өтті.