31.05.2023 _ 08:51

Жетісуда «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 3,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді

Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға Жетісу облысына биыл 3 млрд 202 млн теңге бөлінді. Жоспар бойынша 581 мкрокредит беріледі, яғни 10 ауыл шаруашылығы кооперативі 297 млн теңге сомаға қаржыландырылады, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде 30 ауылдық округтен 562 адам несие алуға ниет білдірген. 3 млрд 286 млн теңге сомасына жобалар пулы қалыптастырылды.

Бұл қаржыға 14 мың бас мал мен құс сатып алынып, 160 басқа арналған 3 отбасылық мал бордақылау алаңы, жалпы аумағы 2,7 га болатын 18 жылыжай , 20 басқа арналған 1 сүт фермасы және шағын, орта бизнестің басқа да 52 нысаны ашылады деп межеленіп отыр. Олардың қатарында ТҚО, тігін цехы, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету нысандары, металл, бетон конструкцияларын, құмды блоктар, биогумус шығаратын шағын кәсіпорындар т.б. бар.

Бағдарлама бойынша берілетін несиеге өтініш қабылдау осы жылдың 22 мамырынан басталды, алғашқы несие 20 маусымда беріледі деп жоспарланған.