02.10.2023 _ 14:20

Президенттік жастар кадр резервіне қатысу үшін құжаттарды қабылдау аяқталды

Өтінімдерді қабылдауға берілген бір айда жобаның pkrezerv.gov.kz ресми сайтында 30 мыңнан астам адам тіркеліп, оның ішінде 6 404 қатысушы «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне жіберілді, деп хабарлайды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.

Резервке іріктеу 6 кезеңнен тұрады: құжаттарды қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау (ассессмент-орталық және құзыреттілік бойынша сұхбат), сарапшылық комиссиясында әңгімелесу және Ұлттық комиссияның отырысы.

Президенттік жастар кадр резерві – мемлекеттік басқару жүйесіне креативті және бастамашыл жастарды тартуға бағытталған жоба.

Іріктеу қорытындысы бойынша резервке 50 адам қабылданады. Жеңімпаздар ағымдағы жылғы желтоқсан айының соңында жарияланады.