05.02.2024 _ 08:29

Үкімет 2024 жылы ел экономикасы кемінде 5,3% деңгейінде өседі деп болжап отыр

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес ел экономикасы жаңа жағдайларға бейімделіп, орнықты даму жолына түсті. Қабылданған шаралар нәтижесінде экономиканың өсімі 5,1%-ды құрады, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Негізгі салалардың барлығы оң динамика көрсетті: құрылыста – 13,3%, саудада – 11,3%, ақпарат және байланыс қызметтері – 7,1%, көлік қызметі – 6,9%, өнеркәсіп – 4,3%.

Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,7%-ға өсті. Бұл ретте 2023 жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі $19,7 млрд-ты құрады. Оның ішінде $11 млрд-тан астамы шикізаттық емес секторларға бағытталған. Жалпы 2 жыл қатарынан ТШИ көрсеткіштері соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналды – олардың жылдық көлемі $26-28 млрд деңгейінде. Қазақстан ТМД елдері арасында шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны бойынша көш бастап тұр.

2023 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы 2,2%-ға өсіп, $126 млрд-ты құрады. Оң сауда балансы $16 млрд-тан асты. Шикізаттық емес экспорт номенклатурасы 141 позицияға өсті.

Еліміздің халықаралық резервтері $96 млрд-ты құрады, оның ішінде Ұлттық қордың активтері $4 млрд-қа өсіп, $60 млрд-тан асты. Халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстан экономикасының тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімділігін растады.

Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі кешенді шараларды іске асыруда. Нәтижесінде өткен жылы ол 2 еседен астам төмендеп, 9,8%-ды құрады. 2024 жылы инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстау міндеті қойылды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,3%-дан кем болмауы тиіс.

Үкімет Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына жолдауларында белгіленген міндеттерді іске асыруды жалғастыруда. Аталған жұмыс экономиканы белсенді әртараптандыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және азаматтардың әл-ауқатын едәуір жақсартуға бағытталған. Мұның бәрі 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыруға берік негіз болады.