01.04.2024 _ 09:44

Арнаулы әлеуметтік қызмет алатын 2,2 мыңнан астам азамат қызмет көрсету процестерін цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаға тартылды

Қарағанды облысында арнаулы әлеуметтік қызметтердің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында пилоттық режимде 10 стационарлық үлгідегі арнаулы қызметтер көрсету орталықтарының базасында жұмыс процестерін цифрландыру жүргізілуде. Жоба аясында 2 258 арнаулы қызмет алушының медициналық карталарын цифрландыру жүргізілді және көптеген жұмыс процестері автоматтандырылды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қарағанды облысының әкімдігі арасында Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының қызметін трансформациялау бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Бүгінгі таңда өңірдің 10 орталығынан 358 қызметкер «Социум» ақпараттық жүйесіне қосылған. Онда электрондық форматта 2 258 арнаулы әлеуметтік қызмет алушыларды тіркеуден және алғашқы тексеруден бастап көрсетілген қызметтер мен алынған дәрі-дәрмектерге дейін жүргізу жүзеге асырылады.

«Пилоттық жоба арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесінде тәуекелдерді дәлірек басқаруға арналған құралдарды ұсынады. Цифрландыру көрсетілетін қызметтердің сапасын және алушылардың қанағаттану деңгейін арттыруға ықпал етеді. Бұл жобаның басты жетістіктерінің бірі атаулылықты қамтамасыз ету болады», – деді ҚР Еңбекмині Әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Сырым Нәси. 

Орталықтардың қызметін цифрландыру әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы барлық рәсімдердің, стандарттар мен талаптардың орындалуын автоматты түрде бақылауға және құжаттауға мүмкіндік береді. Бұл ұлттық заңнаманы қатаң сақтауға, сондай-ақ бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.

Бүгінгі күнде облыс деңгейінде жұмыс процесін, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуін, төсек-орындардың толымдылығын, кадрлармен қамтамасыз етілуін және олардың біліктілік деңгейін, ведомстволық бағынысты мекемелердің шығындарын мониторингтеу мүмкіндігі бар. 

Мынадай нәтижелерге қол жеткізілді: құжаттаманы толтыру уақыты қысқартылды; барлық құжаттама электрондық форматқа ауыстырылды; дәрілік заттардың дербестендірілген есебі және оңалтудың жеке бағдарламасының орындалуын бақылау қамтамасыз етілді; алғашқы медициналық-санитарлық көмекке және облыс стационарларына электрондық тағайындау жүзеге асырылуда.

Жалпы, бұл жоба орталықтардың жұмысын жақсартып қана қоймай, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін қолжетімді етеді, оны көмекке мұқтаж адамдардың кең ауқымына болжауға мүмкіндік береді.