27.05.2024 _ 17:20

Қазақстанда «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» көрмесі өтті

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы 2024 жылғы археографиялық экспедициялар нәтижелері бойынша есеп беріп, еліміздің тарихына қатысты көне деректер көрсетілген «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» атты көрмесін ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында еліміздің тарихын зерттеу мен насихаттауға, тіл мәселесіне, ономастика, тарихи мұралар мен тарихи тұлғаларға, табиғи және тарихи мекендерге, ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, Президент тарихи-мәдени жәдігерлерді, олардың көшірмелерін Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да аса маңызды екенін атап өтті.

Көрмеде Ұлыбританиядан әкелінген 15 қолжазба мен архивтік құжаттың көшірмелері және республика аумағында анықталған 150-ден аса көне қолжазба мен сирек құнды кітаптар көрмеге қойылды. Олардың ішінде түркі-ислам мәдениетінің құнды ескерткіші, алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран кітабы (X-XII ғғ.), Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани еңбектерінің көшірмелері, XI ғасырдағы парсы тарихшысы Гардизидің «Зейн-әл-ахбар» қолжазбасы, т.б. бар.

Сонымен қатар,  «ULY DALA MURASY» ғылыми-танымдық журналының жаңа нұсқасы және шетелдерде анықталған көне деректер бойынша «Шетелдік қорлардағы құнды жазба мұралары» атты каталог-альбомының тұсауы кесілді.

Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды жинақтау, оларды келер ұрпаққа сақтаудың маңыздылығы мен осы салада бүгінгі күні туындаған өзекті мәселелері талқыланды.