05.07.2024 _ 10:01

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Конституциялық Сотқа азаматтардан екі мыңнан астам өтініш келіп түсті

Өтініш субъектілері мына мәселелер бойынша жүгінді:

  • заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің не олардың жекелеген ережелерінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы – 25,2% (2023 ж. – 25%);
  • сот актілерімен келіспеу туралы – 18,7% (2023 ж. – 42%);
  • қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы – 14% (2023 ж. – 5%);
  • құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне шағымдармен -83 өтініш (2023 ж. - 59);
  • заңнама нормаларын түсіндіру туралы өтініштермен – 81 өтініш (2023 ж.-69) және басқа да мәселермен жүгінді.

Ең көп өтініш Астана (386) және Алматы (229) қалаларының, Ақмола облысының (175), Қарағанды облысының (152) және Шымкент қаласының (124) тұрғындарынан келіп түсті.

Қазіргі уақытта азаматтардың 112 өтініші КС Аппаратының алдын ала қарауында.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Конституциялық Сот 39 шешім шығарды, оның ішінде азаматтардың Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы 7 өтініші бойынша судьялар Үкіметке және уәкілетті органдарға заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдармен қорытынды шешімдер қабылдады: 

  • әкімшілік сот ісін жүргізуде процестік мәжбүрлеу шараларына шағымдану тәртібі туралы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің нормалары;
  • қылмыстық іс бойынша сот талқылауының шегін айқындауға қатысты Қылмыстық-процестік кодекстің нормалары;
  • қорғалушылардың қатысуымен тергеу әрекеттерінің хаттамаларын көшіруден олардың қорғаушыларына іс жүзінде бас тартуға қатысты Қылмыстық-процестік кодекстің нормалары;
  • кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қатысты Қылмыстық кодекстің нормалары;
  • Әділет министрінің кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдардан алимент ұстауға қатысты 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 бұйрығының ережелері.

Сондай-ақ, Бас прокурордың 2 өтінішінің негізінде Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабы 1-тармағының және 25, 26-баптарының нормаларына ресми түсіндірме берді. Конституциялық Соттың Конституция ережелерін ресми түсіндіруі заңнамалық және құқық қолдану практикасы шеңберінде басшылық үшін міндетті болып табылады.

Бүгінгі күні Конституциялық Сот судьялары азаматтардың 17 өтініші бойынша заң нормалары мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан зерделеуді жалғастыруда.