27.09.2024 _ 09:23

Ақтөбе облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 800-ге жуық объект бейімделген

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Ақтөбе облысында 798 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қазіргі уақытта елімізде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023 – 2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 35 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын объектілердің 20%-ы бейімделуге жатады.

Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%. Қазіргі уақытта ел бойынша 16 541 объект толығымен бейімделген.

Осы жылдың соңына дейін Ақтөбе облысы бойынша 517 нысанды бейімдеу жоспарланған, өңірде жоспар артығымен орындалып, 798 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді.

«Ақтөбе облысы Шалқар қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған қызметтерге қолжетімділік жақсара түскен. Теміржол вокзалында тактильді көрсеткіштер, дыбыстық мнемосұлба орнатылған, кіру есіктері кең – билеттерді сатып алу барысында ешқандай кедергі келтірмейді.  Бұдан басқа, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратында пандустар орнатылды, еш кедергісіз кіріп, қажетті қызметтерді алуға болады», – деді 1-топ мүгедектігі бар Жарқынай Тілеубаева.

Бұдан басқа мемлекеттік бақылау шеңберінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті биыл мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 24 тексеру жүргізді, оның ішінде жоспардан тыс 1 тексеру, профилактикалық бақылау бойынша 23 тексеру болды.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 23 ұйғарым беріліп, 55 мың теңгеден астам сомаға 1 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпастан жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.