21.11.2024 _ 15:30

Жамбыл облысында үшінші «Жайлы мектеп» ашылды

Тараз қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1 200 оқушы орынға арналған мектеп ашылды, деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі.

Жаңа білім ошағы ең озық технологиялармен жарақтандырылған. Оқушылардың қауіпсіз білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Ғимаратта интерактивті тақтасы бар 59 оқу кабинеті, 3 асхана, 2 спортзал, мәжіліс залы, кітапхана, 2 лингафон, 2 компьютер кабинеті бар, сондай-ақ 3 зертхана мен 3 шеберхана, 10 коворкинг-орталық орналасқан.

Жамбыл облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салу жоспарланған. Бұл бастаманың арқасында оқушы орнының тапшылығын жоюға, үш ауысымды оқытуды және апатты мектептерді болдырмауға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ өңірде биыл құрылысы басталған 36 білім беру нысанының 10-ы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Келер жылы 26 білім ошағының құрылысы басталады.