Спикердің айтуынша, құжаттың негізгі мақсаты омбудсмен институтын енгізу арқылы қоғамдық бірлестіктердің рөлін күшейтуге, адам өмірінің барлық саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың базалық қағидаттарын кеңейтуге, айыппұл түрінде кәсіпкердің азаматтық құқықтық жауапкершілігін енгізуге бағытталған.
«Сондай-ақ біз билеттер бойынша қайтарылмайтын тарифтерді, техникалық жағынан күрделі тауарлар ұғымдарын заңнан алып тастадық, қайтарылмайтын тауарлар тізбесінен медициналық бұйымдар алынып тасталды, сондай-ақ жаңа заң жобасында онлайн саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін электрондық сауда бойынша бөлім жеке шығарылады», – деді Асқар Тынысбеков.
Комитет төрағасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органның қосымша өкілеттіктерге ие болғанын атап өтті. 2025 жылғы 10 қаңтарда ҚР Президенті уәкілетті органға 157-бапта («Көрінеу жалған жарнама»), 190-баптың бірінші бөлігінде қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға өкілеттік беру бөлігінде ӘҚБтК-ке өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды.
«Бұрын 157-бап Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің қарауында болған. Ал 190-бапты Ішкі істер министрлігі қарады. Өткен уақыт ішінде осы екі бап бойынша біздің тұтынушылар қорғалмады. Көптеген құқық бұзушылық болды, ал анықтау және әкімшілік жауапкершілікке тарту болған жоқ. Осы нормаларды қабылдау және осы функцияларды уәкілетті органға беру арқылы норма нәтиже береді деп ойлаймыз», – деп түсіндірді ол.
Өзгерістер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабының 5-бөлігіне де қатысты. Сатушының қазақ және орыс тілдерінде сатушы мен уәкілетті органның байланыс деректері туралы ақпаратты орналастыру, тиісті және тиісті емес күйдегі тауарды мерзімінде қайтаруды қамтамасыз ету, сондай-ақ шағымға жазбаша жауап беру жөніндегі заң талаптарын орындамауы туралы болып отыр.
«Егер біз өткен жылдардағы динамика мен статистиканы алып қарасақ, онда осы бап бойынша мұндай құқық бұзушылықтар 49-дан 1306 дейін өсті. Яғни, ескерту түріндегі жұмсақ әкімшілік жазалау жазаның бұлтартпастығы қағидатын орындамады, осыған байланысты «ескерту» «айыппұлға» ауыстырылды», – деп қосты спикер.