28.04.2025 _ 11:00

Бас прокуратура: қайтарылған активтер халық игілігі үшін пайдаланылуда

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысын бастау шеңберінде уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Аталған мектептің құрылысы – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған капиталды халық игілігі үшін тиімді пайдалану аясында Үкіметпен мақұлданған алғашқы әлеуметтік жобалардың бірі, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасы.
Бас прокуратура: қайтарылған активтер халық игілігі үшін пайдаланылуда

Ауылда 1974 жылы салынған музыкалық мектеп жұмыс істеп келген. Қазіргі таңда ол апатты жағдайда және жөндеуге келмейді.

Құны 890 млн теңге тұратын 300 оқушыға арналған жаңа мектеп көрші ауылдардың оқушыларын да қабылдай алады.

Бүгінге мемлекет пайдасына жалпы сомасы шамамен 610 млрд теңге көлемінде активтер қайтарылды, оның ішінде 506 млрд теңге – ақшалай қаражат, 103 млрд теңге – мүлік.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет арнайы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салаларында 280 әлеуметтік нысанның құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөлді.

Аталған жобалар елді мекендерді дамытуға бағытталған кешенді тәсілдің бір бөлігі және өмір сүру үшін қолайлы жағдайларға тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымды ілгерілетуге серпін беруге арналған.

«Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру «Заң мен Тәртіп» қағидатын тиімді қамтамасыз етумен өзара үйлесетінін атап өту қажет.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.