12.12.2025 _ 17:17

«Қазығұрт» және «Темір баба» жаңа жоғары технологиялық өткізу пункттері ашылды

Елімізде жаңғыртудан өткен екі автомобиль өткізу пункті пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» және Түрікменстанмен шекарада орналасқан «Темір баба» пункттері. Аталған нысандардың ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өтті, деп хабарлайды Primeminister.kz.

«Қазығұрт» өткізу пунктінің ресми ашылуына ҚР қаржы министрі Мәди Такиев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Қаржы министрі жаңғырту бағдарламасы Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы шекараларда орналасқан барлығы 9 өткізу пунктін қамтығанын атап өтті. «Қапланбек», «Атамекен», «Қалжат» және «Алакөл» сияқты бірқатар нысандағы жұмыстар аяқталған. Ал жыл соңына дейін «Тәжен», «Майқапшағай» және «Бақты» пункттерін жаңғыртудан өткізу көзделіп отыр.

Жөндеу жұмыстары көлік қозғалысы мен жүк өткізу процесіне кедергі келтірмей жүзеге асырылды. Осы мақсатта уақытша қозғалыс схемасы ұйымдастырылып, бұл кептелістің алдын алып, жүк және жолаушылар тасымалы үздіксіз жүргізілді.

Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде пункттерде шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін азайып, өткізу қабілеті тәулігіне 1 000 көлікке дейін ұлғайтылды. Қазір жаңартылған өткізу пункттері арқылы көлік ағыны 2,5 есе артты. Мәселен, 2022 жылы шекараны 640 мың автомобиль кесіп өтсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1,5 млн-ға көбейді.

«Қазығұрт» өткізу пункті – халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи технологиялық кешен. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габарит өлшеу жүйелері, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары іске қосылған. Қозғалыс ағыны жаяу жүргіншілер, жеңіл және жүк көліктері деп арнайы бөлінген. Бұл қауіпсіздікті арттырып, қозғалысқа жайлы жағдай жасайды. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған.

Инфрақұрылымды жаңартумен қатар министрлік кеден рәсімдерін цифрландыру бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізіп келеді. Keden ақпарат жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, онда толық интеграцияланған цифрлы кеден жүйесіне көшу қарастырылған. Жүйе экспресс-жүктермен жұмысты, тауарларды есепке алуды және виртуалды қоймаларды автоматтандырды. Қазір жасанды интеллект негізінде тауарлар мен қызметтерді декларациялау модулін іске қосу қолға алынған. Мақсат – электронды декларацияның толық циклін аяқтап, 2026 жылдан бастап тиімділікті бақылау, сараптау және бағалау үшін жаңа модульдерді енгізу. Бұл бизнес үшін жұмысты айтарлықтай жеңілдетіп, қызмет көрсетуде жеделдете түседі.

Бұдан бөлек, сәуірде Өзбекстанмен шекарадағы «Жібек Жолы» өткізу пунктін ауқымды жаңғырту басталған болатын. Жаңа кешен жалпы ауданы 10 мың шаршы метрді алып жатқан екі заманауи жолаушылар терминалын және автокөлікке арналған бірыңғай шатырды қамтиды. Тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін 2026 жылы шілдеде өткізу пунктінің қабілеті тәулігіне 70 мың адамға дейін және 2 мың жеңіл автомобильге дейін өседі деп көзделген.

Тағы бір инновациялық бағыттардың бірі – Қытаймен бірлесіп қолға алынған «Бақты-Покиту» жобасы. Қытай тарапы екі аумақта да толық автоматтандырылған логистикалық орталықтар құруға шамамен $50 млн көлемінде инвестиция жұмсамақ. Жоба аясында жүктерді тасымалдауға ұшқышсыз басқарылатын электр шаттлдарын пайдалану, «ақылды» логистиканы, AGV-терминалдарды, зарядтау стансаларын енгізу және бүкіл өңірдегі ең технологиялық көлік дәліздерінің бірін құрып, екі мемлекеттік цифрлық жүйенің толық интеграциясын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Жаңа өткізу пункттерін іске қосу – мемлекеттік органдардың, мамандардың, инженерлердің, құрылысшылардың және шекара қызметінің бірлескен жұмысының жемісі. Біз экономиканы дамытуға әсер етіп, Қазақстанды ашық, сенімді және бәсекеге қабілетті транзитті хаб ретінде айқындайтын заманауи, технологиялық және жайлы инфрақұрылымды құруға мән беріп келеміз. Бұдан басқа өткізу пункттерін жаңғырту – Мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асыру бағытындағы жүйелі қадам. Біз сауданы арттырып, бизнестің жұмысын жеңілдететін және Қазақстанды аймақтың негізгі логистикалық торабына айналдыратын заманауи инфрақұрылым құрып жатырмыз», — деді Мәди Такиев.