Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 763 колледжде шамамен 556 мың студент білім алып жүр. Студенттердің 70%-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша тегін оқиды, ал кадрлар даярлауға шамамен 40 мың педагог тартылған.
Осы жұмыс аясында ChatGPT Edu білім беру платформасын колледждерге кіріктіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Педагогтерге OpenAI Education for Countries халықаралық бағдарламасы бойынша Министрлікке берілген жалпы квотадан 10 000 лицензия бөлінді. Қазақстан осы бастамаға қосылған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болды.
ChatGPT Edu педагогтерге сабақ жоспарларын, тесттер мен практикалық кейстерді жедел дайындауға, күрделі техникалық материалдарды қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне бейімдеуге, студенттермен кері байланыс орнатуға көмектеседі. Колледждердің оқу үдерісінде жасанды интеллектіні қолдану экономиканың заманауи технологиялық және инновациялық салаларында жұмыс істеу үшін қажетті цифрлық дағдылар мен құзыреттерге ие мамандарды даярлауға ықпал етеді.
Сонымен қатар кадр даярлаудың мазмұны жаңартылады. Колледждердің білім беру бағдарламаларына заманауи өндірістік технологиялар мен WorldSkills стандарттарына бағдарланған цифрлық модульдер енгізілді. Цифрлық құралдармен толықтырылған заманауи шеберханалар колледждерді жастар үшін тартымды етіп, технологиялық тұрғыдан дамып келе жатқан салалар үшін мамандар даярлауға ықпал етеді.