21.05.2026 _ 09:03

Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі артып келеді

Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша контейнермен тасымалданған жүк көлемі 2203 мың ЖФЭ-ге дейін өсті, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 2115 мың ЖФЭ құраған. Осы кезеңде контейнерлендіру деңгейі 6,7%-дан 8%-ға дейін артты, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Өсім 2026 жылы да жалғасуда. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында контейнерлік тасымал көлемі 742 мың ЖФЭ-ні құрады. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 709 мың ЖФЭ болған. Контейнерлендіру деңгейі 8,2%-дан 8,5%-ға дейін өсті.

Оң динамика экспорттық, импорттық және әсіресе транзиттік контейнерлік тасымал көлемінің артуымен байланысты. Бұл Қазақстанда заманауи логистикалық форматтардың дамып келе жатқанын және елдің транзиттік әлеуетінің нығайып жатқанын көрсетеді.

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру аясында контейнерлік және мультимодальды тасымалды дамытуға бағытталған бағдарламалық құжат қабылдау жоспарлануда.

Құжатта терминалдық инфрақұрылымды дамыту, цифрлық сервистерді кеңейту, кедендік және технологиялық рәсімдерді жеңілдету, сондай-ақ контейнерлік операцияларды басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру бойынша шаралар қарастырылған.

Жоспарланған шараларды іске асыру контейнерлендіру деңгейін арттыруға, логистикалық процестердің тиімділігін күшейтуге және Қазақстанның өңірдегі ірі көлік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.