Бүгінде ұлттық жазба мұрамызға кеңінен қол жеткізудің негізгі құралдарының бірі – ұлттық электронды кітапхана, яғни ҚазҰЭК. Порталда кітаптар, сирек құжаттар мен қолжазбалар, мерзімді басылымдар, диссертациялар, архив материалдары, аудио және бейнежазбалар, карталар және басқа да цифрлық ресурстар жинақталған.
2026 жылдың басынан бері ҚазҰЭК материалдарын қарау саны 3,6 миллионнан асты. Қашықтан пайдаланушылар саны 295 116 адамға жетсе, электронды көшірмелерді жүктеу көрсеткіші 891 551-ді құрады.
Осы кезеңде электронды кітапхана қорына 2 506 цифрлық көшірме енгізіліп, 437 құжат өңдеуден өткізілді және 127 555 бет сканерленді. Қазіргі таңда ҚазҰЭК-тің жалпы қорында 86 315 құжат бар. Оның ішінде цифрландырылған 10 мыңнан астам қолжазба мен сирек кітап сақталған.
Электронды кітапхана қызметін әлемнің 122-ден астам елінің оқырмандары пайдаланады. Порталға Қазақстан, Қытай, Ресей, АҚШ, Вьетнам, Өзбекстан, Түркия, Германия, Франция және Қырғызстан тұрғындары ерекше қызығушылық танытып отыр. Электронды құжаттар әлемнің 70 тілінде ұсынылған.
Порталдағы барлық материалды тіркелусіз-ақ еркін қарауға болады. ҚазҰЭК қорында «Мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген кітаптар», «Сирек құжаттар мен қолжазбалар», «Түркітілдес елдер кітапханасы» және басқа да тақырыптық жинақтар бар.
Алдағы уақытта бұл жұмыс Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру арқылы жаңа деңгейге көтерілмек. Бірыңғай платформа электронды каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстары мен заманауи сервистерді өзара біріктіреді. Соның нәтижесінде азаматтар тұрғылықты жеріне қарамастан отандық әдебиетке, ғылыми басылымдарға, сирек кітаптар мен архив материалдарына еркін қол жеткізе алады.