23.06.2026 _ 11:05

Брюссельде Қазақстанның жасанды интеллект, ғылым және цифрлық инфрақұрылымын дамыту бойынша келісімдер пакетіне қол қойылды

Мемлекет басшысының Бельгия Корольдігіне мемлекеттік сапары аясында жасанды интеллектіні, ғылымды, цифрлық инфрақұрылымды және ғарыштық технологияларды дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық келісімге қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар инвестиция тарту, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру, озық технологияларды енгізу және Қазақстанның Еуразиядағы жетекші технологиялық орталықтардың бірі ретіндегі ұстанымын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, деп хабарлайды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.

Қазақстан тарапынан қол қою рәсімдеріне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.

Сапар барысында Еуропаның жетекші ғылыми-білім беру орталықтары – Гент университетімен және KU Leuven-мен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Құжаттар бірлескен зерттеулер жүргізуді, халықаралық ғылыми топтар құруды, академиялық ұтқырлықты, кадрлар даярлауды және Қазақстанның Еуропалық одақпен ынтымақтастығы мен Horizon Europe бағдарламасы аясында технологиялық жобаларды іске асыруды көздейді.

Қазақстан үшін Horizon Europe Еуропалық зерттеу кеңістігіне интеграцияланудың, отандық ғалымдардың халықаралық консорциумдарға қатысуын кеңейтудің және бірлескен ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асырудың маңызды тетігі болып табылады. Жаңа келісімдер бірлескен өтінімдерді дайындауға, зерттеу бағдарламаларын іске қосуға, халықаралық зертханалар құруға және ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізуге практикалық негіз жасайды.

Қол қойылған келісімдер AI for Science and Innovation күн тәртібін дамытуға, яғни ғылыми зерттеулерді жеделдету, күрделі процестерді модельдеу, жаңа материалдар мен технологияларды әзірлеу, деректерді талдау және өнеркәсіп пен экономика үшін инновациялық шешімдер жасау мақсатында жасанды интеллектті пайдалануға негіз қалайды.

Қазақстанда бұл күн тәртібін жүзеге асырудың орталық алаңы жасанды интеллект, ғылым, университеттер, зерттеу орталықтары, стартаптар мен индустриялық серіктестердің мүмкіндіктерін біріктіретін ALEM.AI болмақ. Платформа халықаралық серіктестер үшін қазақстандық AI for Science and Innovation экожүйесіне кіру нүктесі және Horizon Europe аясында бірлескен жобаларды іске қосу құралы ретінде қарастырылады.

Гент университетімен ынтымақтастық математикалық модельдеу, ғылыми есептеулер, цифрлық егіздер және жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге шоғырланады. KU Leuven-мен серіктестік тұрақты материалдар, маңызды металдар, инженерлік даярлық, технологияларды коммерцияландыру және ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіпке енгізу салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға халықаралық зерттеу консорциумдарын қалыптастыру және ғылыми-технологиялық жобаларды сүйемелдеуде елеулі тәжірибесі бар Халықаралық ғылыми-техникалық орталық тартылады.

Сапар аясында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ мен су ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығы саласындағы спутниктік аналитикаға маманданған люксембургтік Hydrosat S.à.r.l. компаниясы арасында бірлескен қызмет туралы шартқа қол қойылды.

Құжат суды пайдалану тиімділігін арттыру, суаруды басқару және су ресурстарын пайдалануды бағалау үшін верификацияланған деректер мен аналитика алуға бағытталған «Copernicus және Hydrosat қолдану арқылы Қазақстандағы су ресурстарын басқару» пилоттық жобасын жүзеге асыруды көздейді.

Жоба аясында Hydrosat-тың аналитикалық шешімдері мен спутниктік технологиялары, оның ішінде спутниктік және жерүсті деректерін өңдеу модельдері, эвапотранспирация, топырақ ылғалдылығы және ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйі көрсеткіштерін есептеу, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның далалық жұмыстарды ұйымдастыру, жабдықтарды пайдалану және Жамбыл облысының пилоттық аумақтарында жер пайдаланушылармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі инфрақұрылымдық және операциялық мүмкіндіктерімен біріктіріледі.

Келісім жоба нәтижелерін Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында одан әрі кеңейтуді, сондай-ақ үкіметаралық деңгейде бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін мамандандырылған жобалық компания құру мүмкіндігін қарастырады.

Компьютерлік ғылымдар, жасанды интеллект және технологиялар институтының (INSAIT) басшылығымен және Халықаралық ғылыми-техникалық орталықпен кездесулер барысында тараптар мамандарды бірлесіп даярлау, зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ұлттық тілдік модельдерді дамыту және Қазақстанды жетекші еуропалық ғылыми-технологиялық бастамаларға интеграциялау мүмкіндіктерін талқылады.

Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстанда жасанды интеллект экожүйесін дамытуға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және озық технологияларды экономикаға, білім беру мен мемлекеттік басқаруға енгізуге ықпал ететін болады.

Брюссельде қол қойылған келісімдер халықаралық ғылыми ынтымақтастық, инвестиция тарту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және экономиканың негізгі салаларына озық технологияларды енгізу үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Еуропалық университеттермен, инвестициялық платформалармен және технологиялық компаниялармен жаңа серіктестіктер Қазақстанның жасанды интеллект, ғылым және инновациялардың заманауи экожүйесін дәйекті түрде қалыптастырып жатқан ел ретіндегі ұстанымын нығайта түседі.