14.07.2026 _ 16:30

Отбасымен бірге оқуға жиі таңдалатын 10 кітап анықталды

Елімізде кітап оқу мәдениетін дамытумен қатар, отбасымен бірге кітап оқу дәстүрін жаңғыртуға да ерекше мән беріліп келеді. Бұл игі үрдіс ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, баланың бойына кітапқа деген сүйіспеншілікті дарытып қана қоймай, отбасы мүшелерін ортақ құндылық төңірегінде біріктіреді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша барлық буын қызыға оқитын 10 шығарма айқындалды. Тізім республикалық маңызы бар үш және өңірлердегі 17 кітапхананың мәліметі негізінде жасалды.

Шығармалардың тізімін Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» еңбегі бастайды. Бұл туындыны 13 кітапхана ең көп оқылатын кітаптардың қатарына енгізген. Шығармада отбасы тәрбиесі, үлкенге құрмет, ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтар кеңінен көрініс тапқан. Сондықтан ол бүгінгі күні де әр буын оқырман үшін тағылымы мол туынды ретінде бағаланып келеді.

Отбасымен бірге оқуға жиі таңдалатын шығармалар:
Мұхтар Әуезов – «Абай жолы»
Ыбырай Алтынсарин – «Әке мен бала»
Ілияс Есенберлин – «Көшпенділер»
Кемел Тоқаев – «Түнде атылған оқ»
Әзілхан Нұршайықов – «Махаббат, қызық мол жылдар»
Бердібек Соқпақбаев – «Менің атым Қожа»
Шерхан Мұртаза – «Ай мен Айша»
Сайын Мұратбеков – «Жусан иісі»
Сәуле Досжан – «Ауылдан шыққан миллионер»

Жинақталған мәлімет елімізде көбіне балалық шақ, ел тарихы, отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік тақырыптарын арқау еткен шығармаларға қызығушылық басым екенін көрсетті.