2026 жылдың алғашқы жеті айында оқуды аяқтағандардың арасында әйелдер саны басым – 56 804 адам. Ерлер саны – 42 337 адам. Оқуға ең белсенді қатысып жүргендер – 36-50 жас аралығындағы азаматтар. Оқуды аяқтағандар саны бойынша Түркістан облысы алдыңғы орында – 10 073 адам. Одан кейін Қызылорда облысында – 9 110, Алматы облысында – 7 891, Алматы қаласында – 7 531 адам тіркелген.
Мұнда әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды оқытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері курстарды аяқтағандардың 38,2 мыңы – жұмыссыз азаматтар. Оның ішінде 16-34 жас аралығындағы 10,2 мың жас бар.
Қазір Skills Enbek платформасында 636 онлайн курс ұсынылған. Оның 446-сын тегін оқуға болады. Курстардың ұзақтығы 2 сағаттан 80 сағатқа дейін созылады. Платформада өз курстарынан бөлек, серіктес ұйымдардың, соның ішінде Fluent Education және «Яндекс Қазақстан» компанияларының оқу бағдарламалары да қолжетімді.
Пайдаланушылар арасында ең көп сұранысқа ие курстардың қатарында:
- «Кассир» – 12 007 сертификат берілген;
- «Қаржылық сауаттылық курсы» – 4 595 сертификат;
- «Қозғалысы шектеулі адамдарды алып жүруге арналған жеке көмекшінің кәсіби курсы» – 2 765 сертификат;
- «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе» – 2 072 сертификат.
Skills Enbek жүйесінде инклюзивті білім беруді дамытуға да ерекше мән берілген. Есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ымдау тілін және жасанды интеллектті пайдалана отырып, тігін негіздерін үйрететін арнайы курс әзірленді. Аталған курсқа 302 адам қатысып, 132 қатысушы оқуын сәтті аяқтады.
Сонымен қатар платформада VR технологияларын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл технологиялар еңбек қауіпсіздігі бойынша практикалық дағдыларды қауіпсіз жағдайда меңгеруге, өндірістегі ықтимал қауіптермен танысуға және түрлі жұмыс жағдайларында дұрыс әрекет етуді үйренуге мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба аясында Астана мен Шымкент қалаларының тұрғындары «Еңбекті қорғау» курсы бойынша VR-технологияларды пайдалана отырып, практикалық сабақтардан өтті. Оқу қорытындысы бойынша 242 адам практикалық тапсырмаларды сәтті орындап, сертификатқа ие болды.