01.09.2026 _ 09:03

Еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 46,7%-ға дейін артты

Қазақстанның 2026 жылға арналған экономикалық күн тәртібі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған шикізатты терең өңдеу моделіне көшу бағытымен сипатталады. Президент тапсырмасы бойынша өңдеу секторы мен жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға негізгі басымдық берілді. Бұл тәсіл шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығаруды кеңейту арқылы экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Өнеркәсіпті трансформациялаудың негізгі тетіктері ретінде индустриялық қуаттарға инвестиция тарту, кластерлерді дамыту, кепілдендірілген сұранысты қамтамасыз ету үшін офтейк-келісімшарттар енгізу, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдаудың ашық цифрлық тетіктерін қалыптастыру айқындалды.

Тепе-теңдіктің өзгеруі: өңдеу өнеркәсібі тау-кен өндіру саласынан басым түсуде

2026 жылы өңдеу өнеркәсібінің экономика құрылымындағы рөлі артып, өндіріс көлемі бойынша алғаш рет шикізат секторынан алға шықты. Биылғы қаңтар-шілде айларында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 18,8 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға өсті.

Өңдеу өнеркәсібінің жалпы өндіріс көлеміндегі үлесі 46,7%-ға дейін ұлғайып, алғаш рет тау-кен өндіру секторынан (45,8%) тұрақты түрде жоғары болды. Өнеркәсіптік өңірлер арасында Ақтөбе (+10,7%) және Қарағанды (+10,6%) облыстары жоғары өсім қарқынын көрсетті. Ел экономикасы шикізаттық бағытқа тәуелділігін азайтуда: республика ішінде терең өңдеу шикізатты тікелей экспорттауға қарағанда тиімдірек бола бастады.

Салалық драйверлер: дайын өнім өндіруге басымдық

Өнеркәсіптік модельдің сапалы өзгеруі ірі тораптық құрастырудан жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға көшу арқылы көрініс табуда.

Машина жасау ел ішінде неғұрлым күрделі өндіріске көшудің бір мысалы болып отыр-жеті айдың ішінде сала 3,2 трлн теңгеге өнім шығарып, 22% - ға өсті. 96 мыңнан астам автокөлік шығарылды: жеңіл автомобильдер өндірісі 37,2%-ға, автобустар – 27,6%-ға, арнайы техникалар – 45,1%-ға артты. Ұсақ тораптық құрастырудың үлесі 28,3%-ға жетті. Қостанайдағы толық циклді KIA Qazaqstan зауыты мен Алматыдағы жылына 90 мың автокөлік шығаруға арналған көпбрендті Astana Motors Manufacturing зауытының іске қосылуы толыққанды өнеркәсіптік белдеудің қалыптасуына ықпал етуде. Кәсіпорындардың айналасында шиналар, аккумуляторлар, автокөлік орындықтары мен мультимедиа жүйелерін шығаратын өндірістер жолға қойылған.

Агроөнеркәсіп секторында отандық 10 кәсіпорын тракторлар мен комбайндарға деген қажеттіліктің 90%-ын қамтамасыз етіп отыр.

Теміржол машина жасау саласында өндіріс көлемі 345 млрд теңгеге жетті: жолаушылар вагондарын шығару 10,7%-ға, электровоздар өндірісі 23,8%-ға өсті, вагон-цистерналар өндірісі игерілді. Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» кәсіпорнында қазақстандық қамту үлесі 75%-ды құрады.

Металлургия саласында өндіріс көлемі 8,1 трлн теңгені құрады. Болат өндірісі 4,1%-ға, шойын өндірісі 5,8%-ға, жіксіз құбырлар өндірісі 30,4%-ға, құрылыс арматурасы өндірісі 10,5%-ға өсті. Саланың өндірістік қуаттары кеңейіп келеді: Qarmet комбинаты құны $3,5 млрд болатын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда. Абай облысы мен Балқаш қаласында әрқайсысының қуаты 300 мың тонна катодты мыс өндіруге жететін жаңа мыс балқыту зауыттары, сондай-ақ Mineral Product International ферроқорытпа зауыты салынуда.

Химия өнеркәсібінде өсім 1 трлн теңгеге дейін артып, 26,9%-ды құрады, мұндағы өсу азотты тыңайтқыштар өндірісінің 5,8%-ға, каустикалық сода өндірісінің 5,8%-ға және гипохлориттердің 3,3 есе артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Ішкі нарықты қорғау жөніндегі шаралар құрылыс және жеңіл өнеркәсіп салаларының өсуіне қосымша ықпал етті. Импортқа тыйым салынғаннан кейін отандық цемент өндірісі 15,6%-ға, тастан жасалған бұйымдар 11%-ға, шыны 10%-ға, гипсокартон 6,5%-ға артты. Жеңіл өнеркәсіп 125,5 млрд теңгеге дейін, яғни 80,1%-ға, оның ішінде тоқыма өндірісі 2,2 есе, киім-кешек 27,5%-ға, былғары 20,3%-ға өсті.

Офтейк-келісімшарттар: отандық зауыттар үшін сұранысқа кепілдік беріледі

Негізгі міндеттердің бірі – отандық кәсіпорындарды кепілдендірілген сұраныспен қамтамасыз ету. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реттелетін сатып алуларда отандық өнімнің қатысуын арттыру және қазақстандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жүйесін жаңа деңгейге көтеру, осындай шарттардың үлесін жылына 10%-ға немесе шамамен 2 трлн теңгеге дейін жеткізу міндетін қойды.

Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде елімізді индустрияландырудың базалық құралы ретінде өндірушіге әлі шығарылмаған, бірақ жоспарда тұрған өнімді алдын ала сатып алуға кепілдік беретін офтейк-келісімшарттар тетігі бекітілді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектор жалпы сомасы 466 млрд теңгеге ұзақ мерзімді келісімдер мен офтейк-келісімшарттар жасасты. Соның нәтижесінде «Самұрық-Қазына» қорының желісі бойынша отандық тауар өндірушілерден сатып алулар көлемі екі есеге артып, 2,1 трлн теңгеден асты, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында 594 млрд теңгенің шарттарына қол қойылды, осылайша өсім 46%-ды құрады.

Жер қойнауын пайдаланушылармен кооперация одан ары кеңейтілуде, мәселен, 80,4 млрд теңгеге 177 офтейк-келісімшарт жасалды, тағы 157 млрд теңгеге болашақ кепілдендірілген тапсырыстар пулы қалыптастырылды.

Цифрлық сүзгі және шикізатқа қолжетімділік

Өндірушілерді қолдау шаралары нақты бағытталып келеді. Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылып, өндірістік қуаттарды цифрлық верификациялау арқылы 6946 жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның мәртебесі расталып, 1,1 мыңнан астам жалған жеткізуші тізілімнен шығарылды.

Отандық қайта өңдеушілердің шикізатқа қолжетімділігі кеңейтілді: кәсіпорындарға мыс, алюминий, қорғасын, мырыш және прокат сияқты 25 түрлі жергілікті шикізатты әлемдік биржаларда белгіленген бағадан 5%-ға дейін төмен, экспорттық бағадан 50%-ға дейінгі жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі берілді.

Нәтижесінде еліміздегі қайта өңдеу қарқыны артты: бастапқы алюминийді тұтыну 35%-ға өсіп, 77,7 мың тоннаға, мырышты тұтыну 45%-ға өсіп, 2,6 мың тоннаға, ал катодты мысты тұтыну 10%-ға өсіп, 20,4 мың тоннаға жетті.

Инвестициялық әсер және капиталды қайтару

2026 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 индустриялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 337,4 млрд теңгеге 84 өндіріс іске қосылып, шамамен 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Жобалық қуатқа шыққан кезде зауыттар жыл сайын 1,5 трлн теңгенің өнімін өндіретін болады. Оның шамамен үштен бірі экспортқа бағытталады.

Арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) тетігі де нақты экономикалық нәтиже беріп отыр: 18 аймақта жүзеге асырылып жатқан 577 жобаға 11,1 трлн теңге инвестиция тартылып, 39 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл ретте резиденттерден түскен салық түсімдері 865,4 млрд теңгені құрады, ал мемлекет инфрақұрылымға 507,4 млрд теңге жұмсады.

Осылайша, елімізде тұйық өндірістік экожүйе қалыптасып келеді: елішілік қолжетімді шикізат, офтейк-келісімшарттар арқылы кепілдендірілген өткізу және қатаң цифрлық бақылау. Бұл мемлекеттік қолдауды қайта өңдеуді дамытуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағыттауға мүмкіндік береді.