Ұсынылып отырған өзгерістер педиатриялық қызметті күшейтуге бағытталған және жалпы практика дәрігерлерінен бас тартуды көздемейді. Медициналық ұйымдар кадрлық қамтамасыз етілуін және халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, балаларға медициналық көмек көрсетудің өздеріне барынша қолайлы моделін айқындай алады.
Педиатриялық учаскелер баланың денсаулығын үздіксіз бақылауды, оның ішінде профилактикалық қарап-тексерулерді, дене және психомоторлық дамуын бағалауды, ауруларды ерте анықтауды және бейінді мамандарға уақтылы жіберуді қамтамасыз етеді. Мұндай бақылаудың әсіресе ерте шақтағы балалар үшін маңызы зор.
Сонымен қатар, Министрлік педиатр дәрігерлерді даярлау көлемін ұлғайтып жатыр. 2026 жылы 123 маман даярланды, ал 2027 жылы тағы 91 дәрігерді даярлау жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде «Педиатрия» мамандығы бойынша 113 грант қарастырылған.
Мамандар санының артуы балалар емханаларының кадрлық әлеуетін біртіндеп нығайтуға және педиатриялық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Педиатриялық учаскелерді дамыту – балаларға көрсетілетін медициналық-санитариялық алғашқы көмекті күшейту жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі. 2025 жылғы маусымнан бастап тұрғылықты жері бойынша емханаларда педиатриялық бөлімшелер де құрылуда. Соңғы бір жылда осындай 366 бөлімше ашылды.
Олардың негізгі міндеті – баланы туғаннан бастап кешенді бақылауды қамтамасыз ету, даму бұзылыстарын ерте анықтаудың тиімділігін арттыру, педиатрлардың, жалпы практика дәрігерлерінің және бейінді мамандардың өзара іс-қимылын жақсарту.
Осылайша, қажетті кадрлар болған жағдайда балалар өз емханасында медициналық көмекті тікелей педиатрдан ала алады. Ал медициналық ұйымдар тіркелген халықтың қажеттіліктеріне қарай жұмыс істеудің оңтайлы моделін таңдай алады.
Өзгерістердің негізгі мақсаты – балаларға медициналық көмекті барынша қолжетімді, жүйелі және отбасының тұрғылықты жеріне жақын ету.