14.09.2026 _ 08:55

Ел өңірлерінде жаңа әлеуметтік, медициналық, инфрақұрылымдық және өндірістік нысандар ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында еліміздің өңірлерінде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту, денсаулық сақтау саласын жаңғырту, ауылдық елді мекендерді қолдау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Осыған орай, ел өңірлерінде бірқатар маңызды нысандар мен жобалар іске қосылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

АӨК

Қарағанды облысының Осакаров ауданында «Евразия Инвест LTD» компаниясының ірі сүт-тауар фермасының бірінші кезеңі іске қосылды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 30 млрд теңгеден асады. Бірінші кезең 1,2 мың бас сауын сиырға есептелген. Барлық кезең аяқталғаннан кейін сиыр саны 6 мың басқа жетеді, ал жалпы мал басы 15 мыңнан асады. Жоба отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және сүт өңдеу кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Денсаулық сақтау

Өңірлерде денсаулық сақтау саласының диагностикалық және зертханалық инфрақұрылымын дамыту жалғасуда.

Түркістан қаласында заманауи вирусологиялық зертхана ашылды. Бұған дейін талдауға арналған биологиялық сынамалар еліміздің басқа өңірлеріне жіберілетін. Енді диагностика жергілікті жерде жүргізуге болады. Бұл нәтиже алу уақытын қысқартып, зертханалық қызметтердің қолжетімділігін арттырады және эпидемиологиялық қадағалауды күшейтеді.

Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы Бадамша ауылында төрт қабатты аудандық диагностикалық орталық пайдалануға берілді. Мұнда УДЗ, ФГДС, ЭКГ, маммография, флюорография, рентгенодиагностика және биохимиялық зерттеулер кабинеттері жұмыс істейді.

Жамбыл облысының денсаулық сақтау жүйесі «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен сатып алынған екі жылжымалы медициналық кешенмен толықты. Оның біреуі компьютерлік томографпен, екіншісі цифрлық маммограф және сараптамалық деңгейдегі УДЗ аппаратымен жабдықталған. Кешендер шалғайдағы ауылдық елді мекендердің тұрғындарына заманауи диагностиканы жақындатуға, оның ішінде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Көлік және логистика

Түркістан облысында «Сарыағаш» теміржол вокзалы жаңғыртылды. Вокзалдың аумағы 449,1 шаршы метрден 558,5 шаршы метрге дейін ұлғайтылды, ол тәулігіне шамамен 150 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген.

Жетісу облысында облыстық маңызы бар «Талдықорған – Үштөбе» автожолының ұзындығы 42 шақырым болатын учаскесінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталған жұмыстар мамыр айында басталып, белгіленген мерзімнен екі ай бұрын аяқталды.

Геологиялық барлау

Қарағанды облысында геологиялық барлауға арналған «ЖанаLAB» зертханалық-талдау кешені де ашылды. Құны шамамен 9 млрд теңге болатын жобаны Solidcore Resources компаниясы «Сарыарқа» АЭА-да жүзеге асырды. Зертхана жылына 200 мыңға дейін сынама жүргізуге есептелген және геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға, зерттеу нәтижелерін алу мерзімін қысқартуға әрі шамамен 150 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік инфрақұрылым

Абай облысының Бесқарағай ауданында өрт сөндіру стансасы ашылды. Бұл – өңірдегі орман қоры ең ауқымды аудандардың бірі. Оның аумағында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының алты филиалына қарайтын 390 мың гектар орман орналасқан.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде отбасылық демалыс пен спортпен айналысуға арналған, аумағы 16 мың шаршы метрге жуық жаңа гүлзар ашылды. Құны 470 млн теңгеден асатын нысан тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, бұрын абаттандырылмаған сайдың орнына салынды. Гүлзарда балалар алаңы, воркаут аймағы, футбол алаңы, ашық аспан астындағы тренажерлер мен серуендеу жолдары қарастырылып, жарық жүйесімен қамтылды.

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданындағы Құлынжон ауылында жаңа мектеп-интернат пен спорт кешені ашылды. Бұл нысандар шалғай елді мекендерден келген балалардың білім алуына, тұруына және спортпен айналысуына қосымша жағдай жасайды.