20.10.2026 _ 12:23

Қазақстанда 60 мыңнан астам адам экологиялық волонтерлікке жұмылдырылған

Қазақстанда экологиялық волонтерлік қарқынды дамып келеді. 2024 жылы бұл бағыттағы жұмыстарға 40 мыңнан астам адам қатысса, 2025 жылы олардың саны 60 мыңнан асты, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

2025 жылдан бері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Green Steppe: Әр қадамыңда экосаналылық» гранттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба шеңберінде еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам адамның қатысуымен сараптамалық вебинарлар өтті. Сондай-ақ арнайы оқу бағдарламасы әзірленіп, оны мыңға жуық экобелсенді оқып шықты.

2026 жылдың басынан бері жоба аясындағы іс-шараларға 2 мыңнан астам волонтер қатысты. Биыл экологиялық волонтерліктің даму деңгейін талдауға бағытталған «Қазақстандағы эковолонтерлік – 2026» зерттеуін жүргізу жоспарланған.

Елімізде волонтерлердің қатысуымен бірқатар ауқымды экологиялық бастама жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – 10 экологиялық тапсырманы орындауға негізделген «10 жасыл күн» эко-челленджі. Челленджге 2 мыңнан астам адам қатысты.

«Жас ағаш» акциясы аясында 10 мыңнан астам волонтер мен бизнес өкілі бес ұлттық парк пен қорық аумағына 300 мыңнан астам ағаш отырғызды.

«Эко бақылау» жобасы бойынша 50-ден астам бақылау жұмысы жүргізілді. World Cleanup Day халықаралық акциясы кезінде 4 мыңнан астам адам 22 аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Caspian Sea Action Week 2026» экологиялық бастамасына Қазақстан мен Әзербайжанның 2 мыңнан астам волонтері қатысты. Қатысушылар жағалаудағы үш аумақты тазартып, 3 тоннадан астам қоқыс жинады.

Қазір Қызылорда облысында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 100 волонтердің қатысуымен «GREEN ARAL» халықаралық волонтерлер апталығы өтіп жатыр. Бастама Арал өңірінің экожүйесін қорғауға бағытталған.

Экологиялық бастамаларға қатысушылар санының артуы қоғамның қоршаған ортаны қорғауға және табиғат алдындағы жауапкершілікке айрықша мән бере бастағанын көрсетеді.

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялаған 2026 жылы экологиялық волонтерліктің маңызы арта түспек.